️МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАЛАСЫНДА АВТОКӨЛІККЕ АРНАЛҒАН ӨРТ СӨНДІРУ ДЕПО КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

5

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Руслан Қожасбаев пен Болат Керімбек «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Талдықорған қаласында салынып жатқан автокөлікке арналған өрт сөндіру депо кешенінің құрылыс барысымен танысты.

Жұмыс сапары барысында депутаттар нысанның қазіргі жағдайын көзбен көріп, құрылыс жұмыстарының кезең-кезеңімен жүзеге асырылуымен танысты. Қазіргі таңда нысанда ғимараттың сыртқы қаптамасын металл кассеталармен қаптау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар инженерлік желілерді тарту және ішкі әрлеу жұмыстарына дайындық шаралары қолға алынған.

Аталған өрт сөндіру депо кешені қала аумағындағы өрт қауіпсіздігін күшейтуге, төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық нысан болып табылады. Кешен пайдалануға берілген жағдайда, заманауи техникалармен жабдықталып, арнайы автокөліктерді орналастыруға және өрт сөндіру қызметкерлерінің тиімді жұмыс істеуіне толық мүмкіндік жасалады.

Депутаттар құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтаудың маңыздылығына тоқталып, жауапты мекемелерге бақылауды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, нысанның халық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі ерекше екенін атап өтті.

Айта кетейік, аталған жоба «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында белгіленген азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңірлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы нақты міндеттерді іске асыру аясында жүзеге асырылуда.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз