ҚР Конституциясы күніне арналған жоспарланған мерекелік іс-шаралар туралы Журналистер үйіне келген спикерлер айтып берді. Баспасөз мәслихатына бұл жолы облыстық бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізу орталығының бұқаралық ақпарат құралдары бөлімінің басшысы Алуа Оспанжан мен Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Олжас Құрмашев шақырылыпты.
Алуа Бауыржанқызы:
Қайырлы күн баршаңызға! Алдымен өздеріңізді келе жатқан Конститутция күнімен құттықтаймын. «Спорт-әлемдегі бейбітшілік кепілі» деп, тегін айтылмаса керек. Еліміз тәуелсіздік алған күннен бастап, спортшыларымыз барлық деңгейдегі жарыстарда ел намысын қорғай бастады. Әрине, олардың арасында біздің жерлестеріміз де аз емес. Олар қазірдің өзінде «әлемдік» додаларда топ жара бастады. Бір ғана Исхар Құрбаевтың грек-рим күресінен «әлем» чемпионы атануы Жетісу облысында спортты дамытуға ерекше назар аударылып отырғандығын көрсетеді. Жетісу облысы әкімінің өкімімен былтыр осы уақытта «Облыстық бұқаралық-іс шараларды өткізу орталығы» құрылды. Аталмыш мекемені құрудағы басты мақсат — облысымызда мүмкіндігінше бұқаралық спортты дамыту. Біз облыс әкімінің шешімін әділ бағалап, халық арасында спортты дамытуға жұмыс жасап жатырмыз. Ертеңгі төл мерекеміз, яғни Конститутция күніне орай да, облыстың көптеген елді мекендерінде спорттық шаралар өткізу алдын-ала жоспарға енген. Мәселен, бүгін Текелі қаласындағы металлургтер стадионында жас ерекшеліктеріне байланысты қала тұрғындары арасында марафон өтіп жатыр. Лепсі ауылдық округі тұрғындары арасында пневматикалық винтовкамен атудан аудан біріншілігі, Шатырбай ауылдық округінде қол күресінен ауыл біріншілігі өтті. Ал, Черкасск ауыл округінде биыл бірінші рет қыздар арасында қол күрестен біріншілік ұйымдастырдық. Жарыс өте тартысты әрі қызықты өтті. Жаркент қаласында асабалар арасында «Өнер бөрісі» атты аудандық біріншілік өтуде. Ал, Сарқан ауданы мәдениет саласы қызметкерлер арасында қазақ күресінен » Өнер бөрісі» сайысы өтуде. Бұл мәдениет қызметкерлерінің де бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлестері деп білеміз. Сол сияқты, Айнабұлақ ауылдық округінде мереке орай, «Ләнгі тебуден» ауыл азаматтары күш сынасуда. Бұл шарладың мақсаты- ежелден келе жатқан ұлттық ойындарды жандандыру.Ал, ертеңгі Конститутция күніне орай, облысымыздың 37 елді-мекенінде спорттық шаралар өтуде. Олардың арасында шағын футбол, волейбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы сияқты кеңінен дамыған спорт түрлері бар.
Олжас Қайратұлы: —Облыс орталығы Талдықорғанда да спорттық және мәдени шаралар мерекеге орай ұйымдастырылады. 18-20 тамыз аралығында шағын футболдан жасөспірімдер арасында Талдықорған қаласының чемпионаты өтті. Аталған чемпионатқа 10 команда қатысты.
20-23 тамыз күндері аралығында жасөспірім қыздар мен ұлдар арасында «Жағажай волейболдан» қалалық жарыс өтіп, жеңімпаздар анықталды.Ал, мәдени іс-шаралар бойынша орталықтандырылған кітапханаға қарасты 9 кітапхана филиалдары бойынша кітап көрмелері, әңгіме сағаттары ұйымдастырылды. 29, 30 тамыз күндері «Қазақ зағиптар қоғамы» және «Нашар еститіндер қоғамдық» клубында және Өтенай, Еңбек, Мойнақ ауылдық мәдениет үйлерінде елді мекен тұрғындарына арналған концерттер өткізбек.
30 тамыз-Конституция күні Талдықорған қаласындағы «Жастар» саябағында «Ата заңым- Айбыным» атты мерекелік шара өтеді. Іс-шарада Жетісу филармониясы, «Талдықорған әуендері» ансамблінің әншілері және Қазақстан Республикасының эстрада жұлдыздары Әли Окапов және Айри концерттік бағдарлама ұсынады.