Үздік ас мәзірі

4

Төл өнім – тек нарықтағы тауар емес, ұлттық болмыстың, мәдениеттің және экономиканың ажырамас бөлігі. Оның құндылығы тек сапасы мен ерекшелігінде ғана емес, сонымен қатар, тарихында, халықтың өмір салтымен байланысында жатыр. Оны қолдау – ұлттық экономиканы дамытуға, мәдениетті сақтауға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға үлес қосатын маңызды міндет. Бұл үшін мемлекеттік қолдаумен қатар жеке кәсіпкерлердің, азаматтардың белсенділігі және тұтынушылардың саналы таңдауы қажет.

Бұл күнде пицца, суши, тәттіге малынған құлпынай, дубайлық шоколад пен балмұздақты білмейтін адам кемде-кем. Кәріс, батыс асханасымен көпшілікті өзіне баурайтын мейрамханалар қатары көп-ақ. Ал, «төл өнім, ұлттық тағамдарымыз ана тілімізде қаншалықты насихатталып жүр?» деген сауал әрқайсымыздың санамызда сайрап тұрғаны жасырын емес. Осы орайда «Жетісу облысының Қоғамдық даму басқармасы» ММ ұйымдастыруымен өткен «Үздік ас мәзірі» байқауының қорытындысы жарияланды. Мұндағы мақсат мемлекеттік тілде сапалы қызмет көрсетіп, ас мәзірін тіл мәдениетіне сай, сауатты және тартымды безендірген кәсіпкерлерді ынталандыру, мемлекеттік тілдің қолданылуын көпшілік ортада насихаттау болып табылады. Облысымызға қарасты аудан-қалалардан 10 өтінім келіп түскен, байқау қорытындысына сәйкес Талдықорғанда орналасқан дәм мен дәстүр үндестігін қатар ұстанған «Sirne.kz» мейрамханасы бас жүлдеге, ал «A.s.naryn» отбасылық ұлттық мейрамханасы II орынға лайық деп танылды. Қазақи меймандостық пен ұлттық ерекшеліктерді  сақтай білген этнобағыттағы мейрамханалар  тек тағамды ғана ұсынып қоймай, қазақ халқының ұлттық киімдерінен бастап, тарихы, музыкасына дейінгі мәдениетін де көрсетеді. Жылы, жайлы атмосфера әр тұтынушыны қазақ даласының аясына алып келеді. Мейрамхана қызметкерлері салт-дәстүрлер, тағамдардың дайындалуы, құрамы және тарихы туралы ақпарат береді. Марапат иегерлері «Қазақ дастарханы  — ұлттық дәстүр мен ырыс-берекенің символы. Отбасылық, рухани және мәдени байланыстардың нышаны, ұлттық дәстүрлердің айқын көрінісі. Мұндағы әрбір тағам, әрбір ыдыс – тарихтың, дәстүрдің және қазақ халқының өмір салтының айғағы. Қазақ дастарханының ерекшелігі де  оның молшылығында, алуан түрлілігінде және тағамдардың дайындалу технологиясында»-дейді. Ұлттық кодты сақтап, мәдени бірегейлікті жаңғырту, құндылықтар мен салт-дәстүрді күн тәртібіне енгізу арқылы талғам мен рух қалыптасары анық. Ұйымдастырушылар негізгі болмыстан ажырамау қай-қайсымызға да міндет, оны сақтау және дамыту, насихаттау, келешек ұрпаққа жеткізу үздіксіз процесс болуы тиіс екендігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, осылайша өткенімен өзара ұштасқан болашағымызды қамтамасыз ете алатынымыз анық екенін атап өтті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз