Көксу ауданы Жетісуда алғашқы болып жыл соңына дейін толық газдандырылады

Жетісу облысының Көксу ауданындағы 34 елді мекеннің 26-сы өңірлік схемаға сай газдандыруға жатады, бүгінгі күнге оның 25-іне газ тартылған, яғни 40 мың адамның көгілдір отынға қол жеткізуіне мүмкіндік жасалған. Бұл ретте Нәдірізбек ауылындағы құрылыс жұмыстары, сол сияқты Балпық би ауылындағы газбен қамтылмай қалған көпқабатты тұрғын үйлерді құбыр тарту ісі аяқталуға жақын. Сөйтіп жыл соңына дейін 26 елді мекен толықтай көгілдір отынға қол жеткізіп, аудан облыстағы алғашқы 100% газдандырылған алғашқы аймақ болмақ. Бұл туралы Көксу ауданының тұрғындарымен өткен кездесуінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Көксу ауданында негізгі инфрақұрылымдарды,соның ішінде газдандыру, ауыз су жүйесін жаңғырту жол сапасын жақсарту жұмыстары жүйелі жүргізілуде.

Мәселен, тұрғындардың сұрауы бойынша Айнабұлақ ауылына кіреберіс жолда орналасқан көпір қайта жаңғыртылуда, құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.

Сонымен қатар биыл Қаратал ауданындағы Кәлпе ауылынан Көксу ауданының Мұқыры ауылына дейінгі облыстық маңызы бар 56 шақырым автокөлік жолы толық жөндеуден өтті.

Бұдан бөлек Алғабас ауылына кіреберіс 3,2 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде, қараша айында пайдалануға беріледі.  Көксу бекеті, Алғабас, Қаратал, Кеңарал, Бесқайнар, Жетіжал, Нәдірізбек, Балпық би, Заречный, Айнабұлақ елді мекендерінің ауылішілік 22 көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаржы бөлінді.

— Жалпы соңғы үш жылда Көксу ауданында облыстық маңызы бар 37,3 шақырым жолға, елді мекендердің 78 көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 19 ауылда жарық шамдары орнатылды. Биыл Көксу бекетінде сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту мен салу жұмыстарын аяқтаймыз. З.Тамшыбай ауылында құбырлардың тозуына байланысты сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту мен салу бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.  Бұл шаралардың барлығы аудан халқының әл-ауқатын арттырып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған, — деді Б. Исабаев.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотографтар: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев, сол сияқты фотосуреттерді Көксу ауданының әкімдігі ұсынды.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз