Соңғы кездері көбінесе қазақтың ұлттық тарихына қатысты қызықты мәліметтерді ақпарат кеңістігінен оқып жүрміз. Соның бірі – «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы. Бұл жерде Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұлт шежіресіне байланысты бірнеше тың деректерді алға тартып, талай дүниенің бізден шыққанын баяндап берді. Сол айтылғандардың арасында «қазақтар кешегі Алтын Орданың тікелей мұрагері» деген сөзі талайды елең еткізгені рас. Иә, жарты әлемді иелігіне қаратқан мұндай тарихи мемлекеттің мұрагері, басқа емес, қазақ дегенде кеудеңді мақтаныш кернейді. Сол көшпенділердің ұлы империясының құрылғанына биыл тұп-тура 750 жыл. Біз осыған орай І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушысы, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Буланов Ержан Олжабайұлымен сұхбаттасан едік.

— Ержан Олжабайұлы, әңгімемізді тарих ұғымына түсініктеме беруден бастасақ. Жалпы, тарих – адамзат баласының өткенін зерттейтін үлкен ғылым екені белгілі. Осы тұста Шығыс ғұламасы Әбу-Насыр Әл-Фарабидің «Тарихты білмей өткенді, қазіргі жағдайды білу, болашақты болжау қиын» деген сөзі еске оралады. Яғни, осыған қарап қоғамның дұрыс бағытта дамуы үшін азаматтардың тарихи сауаты жоғары болуы керек деген ойда қаласың. Сіздің пікіріңізді білсек.

– «Тарих» сөзінің грек тіліндегі мағынасы – «зерттеу» деген ұғымды білдіреді. Тарқатып айтар болсақ, адам баласының өткенін зерттеумен айналысатын гуманитарлық білім саласы. «Тарих» сөзі ежелгі антика заманында тарихи оқиғалардың шынайылығын ашу үшін қажет болды. Ежелгі Грецияда пайда болған бұл ғылымның саласы көне Рим империясы кезінде кеңінен қолданыла бастады. «Тарихтың атасы» деген атпен белгілі болған ежелгі грек тарихшысы Герадот (б.з.б 484-425 жж.) алғаш рет «Тарих» атты еңбек жазып, жазба тарихтың негізін қалады.

Ал, қазақ халқына келсек, ол алғашында ауыздан ауызға тарап, шежіре айтушылар негізінде дүниеге келді.

Енді, тарих не үшін қажет, оны оқып білудің қаншалықты керегі бар деген сұраққа келсек. Өз тарихымызбен қатар өзге халықтар мен мемлекеттердің тарихын оқып үйрену – біз үшін маңызды. Себебі, сол арқылы көкжиегіміз кеңейеді және өз ата-бабаларымыздың қандай болғанын, олардың жүріп өткен жолдарын біле аламыз. Сонымен қатар, біз қайдан шықтық, қазір қай жерде тұрмыз, болашақта қайда барамыз деген сұрақтарға осы тарихтың көмегімен жауап табамыз. Яғни, туған жеріміздің тыныс-тіршілігін, ата-бабаларымыздың батырлық, ерлік дәстүрін, біле отырып, олардан үлгі өнеге аламыз, келешегімізді болжаймыз, тарихта орын алған қателіктерді қайталамауға тырысамыз.

Иә, тарих – қоғамдық ғылымдардың өзегі екендігі белгілі. Сондықтан, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде мемлекет деңгейінде бірнеше іс-шаралар жүзеге асырылды. Мәселен, 1998 жыл – Халық бірлігімен ұлттық тарих жылы деп жарияланса, 2004-2007 жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасы іске асты. Бұдан бөлек, тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және 2018 жылы 21 қарашадағы «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларын атап өтуге болады. Осы аталғандардың өзінен мемлекеттің қоғамдық саяси дамуында тарихтың қаншалықты маңызды орын алатындығын анық көреміз.

Демек, тарихты тек рухани, мәдени құндылытардың қайнар көзі деп қана қоймай, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейтін, қоғамды топтастыратын идеологиялық құрал ретінде қарастырғанымыз абзал. Өзіңіз білесіз, 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін онымен бірге коммунизмге жетіміз деген идеологияның да келмеске кеткені белгілі. Нәтижесінде, орны босап қалған кеңістік, бос вакум пайда болып, оның орнына біздің дініміз бен ділімізге жат әртүрлі мәдениет, экстримистік діни ағымдар ықпал ете бастады. Жастарымыз теріс жолға түсті. Мұның өзі мемлекетіміздің қауіпсіздігімен болашағына үлкен қауіптің пайда болғанын ашық көрсетті. Мен, студент жастарға бізде ұлттық идеология – ана сүтімен берілу керектігін үнемі қайталап отырамын. Мейлі, сіз кез-келген мамандық иесі болыңыз, бірақ ана тіліңізбен төл тарихыңызды білуге міндеттісіз. Сонда ғана мемлекетіміздің болашағы қауіпсіз болмақ.

— Өзіңіз білесіз, биыл Алтын Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атаулы датаны кең көлемде атап өтуге пәрмен берді. Осы арада сұрайыншы. Алтын Орданың мерейтойын тойлау қазаққа не береді? Бұл біз үшін маңызды ма? Расымен қазақ Алтын Орданың мұрагері ме?

2019 жылдың тамыз айында Президентіміз Қ.Тоқаев «Ұлытау-2019» халықаралық туристік форумының жұмысына қатысып, онда Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толып отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы осы бір айтулы датаны мерекелеу аясында Ұлытауды халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризм орталығы ретінде насихаттап, Жошы ханның есімін ұлықтауды қолға алу қажеттілігін айтқан болатын. Осы арада Алтын Орданың мерейтойын тойлау – қазаққа не береді?, – деген сұрағыңыз орынды. Енді соған тоқталып өтелік.

Негізі, Алтын Орда «менікі, сенікі» деп бөлуге келетін тарих емес. Бұл – біздің жалпы мұрамыз, яғни қазақтар, ноғайлар, қазандық, сібірлік, қырымдық татарлар және тағы басқа үшін Алтын Орда – ортақ тарих. Осы аталған түркі тілдес халықтардың бабасы болған – ортақ мемлекет. Мысалы, орыстарға, украйындарға және беларустарға Киев Русьі қалай ортақ болса, бізге де Алтын Орда сондай.

Кез-келген адам, халық өзінің шығу тегімен өткен тарихын білгісі келетіндігі белгілі. Сол тұрғыдан келгенде Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту, өткен тарихамызды түгендеу болып табылады. Тарихи үрдісте қазақ мемлекеттілігі деген ұғым бар. Яғни, қазақ мемлекеттілігі өзінің қайнар бастауын қай уақыттан бастап алады деген мәселе. Көпшілігі бірден Қазақ хандығынан басталады деп еш ойланбастан айта салады. Бұл дұрыс емес. Қазақ хандығы XV ғасырдың ортасында құрылғаны белгілі, сонда одан арғы кезеңде бізде мемлекет болмаған ба, тамырын тереңге жайған тарихымыз жоқ па?! Оған жауап ретінде айтармыз қазақ жерінде пайда болған алғашқы мемлекеттік құрылымдар – үйсін, қаңлы, ғұн бірлестіктері қазақ мемлекеттілігінің қайнар бастауы болып саналады. Ал, одан кейінгі кезеңдердегі Түрік, Түркеш, Қыпшақ, Қарлұқ, Оғыз мемлекеттері оның заңды жалғасы ретінде табиғи-тарихи сабақтастығы болды. Моңғол шапқыншылығынан кейінгі кезеңде тарих сахнасына шыққан Алтын Орда, Ақ Орда мемлекеттері де осы үдерістің заңды жалғысы. Демек, Қазақ хандығына дейінгі қазақ жеріндегі барша мемлекеттік құрылымдар қазақ мемлекеттілігінің құрамдас бөлігі болып табылатын, оны қалыптастыруға атсалысқан мемлекеттер деп айтуымызға негіз бар. Яғни, Алтын Орда қазақ халқын, Тәуелсіз Қазақстан Республикасын қалыптастыруға қатысқан, үлес қосқан мемлекет. Сондықтан, Қазақ хандығы Алтын Орданың заңды мұрагері деп айта аламыз және оның 750 жылдығын атап өту өткенімізді түгендеу болып табылмақ.

– Осы арада 750 жыл бұрын қандай оқиға болғанын тарқатып берсеңіз.  Алтын Орда қалай құрылып еді?

– Алтын Орданың құрылуы туралы мәселені түсіну үшін, оны толыққанды ашып көрсету үшін алдымен Моңғол үстіртімен Орталық Азия аумағында орын алған (ХІІІ ғ.20-50 жж.) саяси оқиғаларға тоқталып өту керек. Әлбетте, ол оқиғалардың барлығы Шыңғыс хан есімімен және оның ұрпақтарының тарихымен тығыз байланысты. Сондықтан, оны екі бағытта өрбіткеніміз дұрыс болады. Біріншісі – жалпы Моңғол империясы тарихы негізінде, екіншісі – Жошы ұлысы тарихы негізінде. Сонда Алтын Орданың құрылу тарихы толыққанды ашылады.

Шыңғыс хан Қазақстан мен Орта Азия территорияларын бағындырғаннан кейін (1219-1224 жж.) оларды төрт ұлы – Жошы, Шағатай, Үгедей және Төлеге енші ретінде бөліп береді. Көп уақыт өтпей, яғни 1227 жылы Жошы, одан кейін Шыңғыс хан қайтыс болды. «Ұлы Ясаны» (Моңғол империясының басты заңы) терең білумен зор беделге ие болған Шағатай әкелерінің өсиеті бойынша Үгедейді «Ұлы хан» деп жариялайды. Үгедейдің 1235 жылы Қарақорымда құрылтай жиналысын өткізіп, әкелерінің өсиеті бойынша батысқа жорық жасау жоспарын қабылдап, оны басқаруды Жошының екінші ұлы Батыйға жүктеуі ең бір елеулі іс болды.

1241 жылдың желтоқсанында Үгедей, көп кешікпей 1242 жылы Шағатай өледі. Осыдан кейін, (1241-1246 жж.) империяның уақытша билеушісі болып, Үгедейдің бәйбішесі Турақын-хатун ел басқарады. Парсы тарихшысы Жувейнидің айтуы бойынша, патшалық регенттігін (қайтыс болған билеуші мен ресми түрде тағайындалатын жаңа билуші аралығындағы өтпелі кезеңді айтады) Шағатайдың тікелей келісімімен қабылдаған. Ал, оның себебін парсы тарихшысы Рашид әд-Дин былайша көрсетеді. «Үгедей қайтыс болғанда оның үлкен ұлы Күйік хан әскери жорықта болып, Дешті Қыпшақтан әлі де оралмаған болатын». Яғни, Күйік Батый әскерінің құрамында 1236-1241 жылдар аралығында Шығыс Еуропаға жасалған жеті жылдық жорықта жүрген тұғын. Тек 1246 жылы құрылтайда Күйік ұлы хан болып жарияланды. Оның салтанатты таққа отыру рәсіміне италияндық саяхатшы Плано Карпини қатысып, егжей тегжейлі жазған болатын. Бірақ, билікте көп болмай Күйік хан өліп (1248 ж.), хандық регент оның жесірі Оғыл-Қаймыш-хатунға тапсырылды. Ол қайткен күнде хандық билікті Үгедей ұрпақтарының қолында қалуына барын салды. Өйткені, ұлы хан өлген бойда Шыңғыс үйінің ең үлкені, әрі ең беделді тұлғасы болған Батый өз таңдауын Төле ұрпақтарына жасаған болатын. Оның бұл таңдауы тек 1251 жылдың шілде айында жүзеге асты. Өткізілген құрылтай жиналсында Төленің үлкен ұлы Мөңке ұлы хан ретінде таққа отырды.

Енді Мөңке хан тұсында орын алған басты оқиғалардың хронологиясын баяндап өтелік. Біріншіден, Шағатай және Үгедей тұқымынан шыққан ханзадалар Мөңкеге қарсы қастандық жасады деген айып тағылып, өлтірілді немесе жер аударылды; екіншіден, Үгедей ұлысы жойылды; үшіншіден, Шағатай ұлысы әлі де болса сөз жүзінде өмір сүргенмен, іс жүзінде Төле мен Жошы ұрпақтарының арасында бөлісілді; төртіншіден, Мөңкенің інісі Хулагу 1251 жылы ұлы құрылтайдың шешімініе сай Ирак, Сирия, Палестинаны, Мысырды, Рум мен Арменияны бағындыруға тапсырма алады. Жорық 1254-1256 жылдары басталып, 1258 жылы Аббасидтер әулеті билігіндегі араб халифатының астанасы Бағдатты басып алды. Бірақ, 1260 жылы қазіргі Сирия жеріндегі Айн-Жалут шайқасында моңғолдар сонау Шыңғыс хан заманынан бері алғаш рет жеңіліске ұшырады. Моңғолдарды жеңіліске ұшыратқан Мысыр мәмүліктерінің сұлтаны Құтыз және әскери қолбасшы Бибарыс болатын. Алайда, Хулагу Иран жерінде тәуелсіз Ильхандар мемлекетін құруға қол жеткізді.

1259 жылдың соңында Мөңке ханның өлімімен Моңғол империясының біртұтастығына ақырғы соққы берілді. Оның себебі Ұлы хан өзінің тақ мұрагерін тағайындады, соның нәтижесінде Төленің ұлдарының арасында билік үшін талас тартыс, өзара қырқысқан соғыс басталды. Нақты айтар болсақ, Төленің төртінші ұлы Құбылай мен алтыншы ұлы Арық-Бұға арасында таққа талас жүреді.  1260 жылы олардың екеуі де бір мезгілде ұлы хан деп жарияланды. Өзара қырқысқан соғыстардың барасында Құбылай Арық-Бұғаны талқандап, өзін Моңғол империясының ұлы ханы деп жариялағанымен, бұл тек сөз жүзінде қалды. Өйткені, дәл осы уақыттан бастап, яғни XIII ғасырдың 60-шы жылдарының ортасында Моңғол империясы тәуелсіз төрт мемлекетке бөлініп кетті. Оны былайша анықтап көрсетеміз:

  1. Орталығы Ханбалық қаласы (қазіргі Қытай астанасы Бейжің) болған Моғолия қытайды алып жатқан мемлекет. Бұл мемлекетті Шыңғыс ханның төртінші ұлы Төледен тараған ұрпақтар басқарды, нақты айтар болсақ, оның негізін қалаған Құбылай хан (1260-1294жж.) мен оның ұрпақтары. Бұл мемлекет ресми түрде Юань империясы деген қытайша атауға ие болды.
  2. Төленің тағы бір ұлы Хулагу ханның (1265ж. өлген) басшылығымен 1258 жылы Иран территориясында құрылған Хуланидтер мемлекеті. Хан билігінде болған Хулагу хан мен оның мирасқорлары илхан деген титулымен аталып, сол себепті жазба деректер мен тарихи зерттеулер Иранды билеген моңғол билеушілерін көбінесе илхандар деп атады. Илхандар мемлекеті өзінің құрылған кезінде Амудариядан Үнді мұхитына дейінгі және Инд өзенінен Ефрат өзеніне дейінгі аралықтағы ұлан ғайыр өңірде орналасқан барлық елдер мен мемлекеттерді біріктірді. Тіпті, кей жағдай Кіші Азия мен Кафказ елінің көп бөлігі де оның құрамына кірді.
  3. Мауереннахр (Амудария мен Сырдарияның аралығындағы өңір), Жетісу, Шығыс Түркістан (Қашғария) аумақтарын біріктірген және өзінің атауын Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатайдың есімімен атаған – Шағатай мемлекеті. Бұл мемлекетті кейбір кезеңдерде Үгедейдің ұрпақтары да басқарған кездер болды.
  4. Алтын Орда, бұл иеліктің құрамына шығысында Ертіс өзенінен батасында Дунайға дейінгі аралықтағы бүкіл Ұлы дала (мұсылман деректері бойынша Дешті-Қыпшақ) кірді. Бұл мемлекетті Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының ұрпақтары биледі.

Ал енді тікелей Жошы ұлысының тарихы мен Алтын Орданың құрылуы мәселесіне келейік.

1227 жылы Жошы қайтыс болғаннан кейін билікке оның екінші ұлы Батый атасы Шыңғыс ханның ықыласымен отырады. Ол туралы XVI ғасырдың орта кезінде жазылған Өтеміс қажының «Шыңғыснама» атты еңбегінде тамаша мәлімет айтылады. Аталған мәлімет туралы қысқаша тоқталып өтсек. Жошы өлгеннен кейін оның үлкен ұлы Орда Ежен мен екінші ұлы Батый арасында әкелерінің орнына кім отыру керектігі туралы мәселе туындайды. Бір қызығы екеуі бір-бірін өте қатты сыйлаған. Сондықтан, Батый Орда Еженнің жасының үлкендігін алдыға тартса, Орда Ежен Батыйдың әскердің  арасында үлкен беделге ие екендігін алдыға тартып, ортақ шешімге келе алмайды. Сөйтіп, аталары Шыңғыс ханға тікелей барып жүгініп, оларды былайша құрметпен қарсы алған: Батыйды-алтын босағалы ақ орда; Орда Еженге-күміс босағалы көк орда; бесінші ұлы Шибанға-болат босағалы боз орда тігіп, ерекше құрметпен күткен. Осыдан кейін мұрагер мәселесі шешіліп, 1227 жылы Жошы ұлысында таққа Батый отырды.

Сонымен, Жошы ұлысында мынадай үш мерзімге (датаға) назар аудару қажет: біріншісі — 1225-1227 жылдары Жошы ұлысының құрылуы; екіншісі — Шығыс Еуропаға жасалған жеті жылдық жорықтан кейін Батыйдың Еділ өзені бойында өз атына қала салдырып, Алтын Орда атты мемлекеттің іргесін нығайтқан, бекіткен 1242 жыл; үшіншісі — Талас құрылтайы өткен 1269 жыл. Атап көрсетілген мерзімдердің соңғысы, яғни 1269 жылы Алтын Орданың Моңғол империясынан іс жүзінде тәуелсіздікке қол жеткізуімен сипатталады. Сондықтан 2019 жылы Алтын Орданың құрылуына 750 жыл деген мерзім айтылып отыр.

Жоғарыда Моңғол үстіртінде орын алған саяси оқиғаларға тоқталған кезде ХІІІ ғасырдың 60 жылдың ортасында Моңғол империясының тұтастығына сыза түсіп, төрт тәуелсіз мемлекетке бөлініп кеткенін айтқанбыз. Осы үрдістің соңғы нүктесін қойған оқиға, ол әлбетте, Талас құрылтайы. 1269 жылдың көктемінде өткен бұл құрылтайдың ерекшелігі Шыңғыс ұрпақтары мен моңғол ақсүйектерінің қатысуымен болған Моңғол империясының соңғы құрылтайы болды. Оған Жошы ұрпақтарынан Мөңке Темір (1266-1280жж. Алтын Орданың ханы) және Шағатай ұрпақтарынан Барақ, Үгедей ұрпақтарынан Хайду қатысты. Онда негізінен саяси және экономикалық сұрақтар қарастырылды. Яғни, Моңғол империясының ыдырап, дербес мемлекеттерге бөлінгенін ресми тұрғыда заңдастырды. Сондай-ақ, тәуелсіз мемлекеттің атрибуттары ретінде саналатын төл теңгені де Мөңке Темір өз атынан шығарып, айналымға қосқан болатын.

Сонымен, мынадай қорытынды жасаймыз. Алтын Орданың іргесі Батый ханның тұсында 1227 жылы қаланып, 1242 жылы Шығыс Еуропаға жорықтан кейін бекіп, ал 1269 жылы Талас құрылтайының нәтижесінде тәуелсіз мемлекетке айналғанын ресми түрде заңдастырды.

– Енді Алтын Орданың қалай ыдырағанын баяндап беріңізші. Осындай алып мемлекеттің күйреуіне не түрткі болды?

– Алтын Орда бірде күшейіп, бірде әлсіреп XV ғасырдың 80 жылдарына дейін өмір сүрді. Әрине, оның әлсіреуі мен ыдырауына билік үшін өзара талас-тартастыр басты себеп болды. Әсіресе, Алтын Орданың әлсіреуіне бірден-бір себепкер болған Әмір Темір тарапынан жасалған 1389, 1391 және 1395 жылдардағы жорықтары. Мұндағы 1395 жылғы үшінші жорық Алтын Орда үшін өте ауыр болды. Солтүстік Кавказдағы Терек өзені бойында өткен шайқаста Тоқтамыс хан жеңіліс табады. Міне, осыдан кейін Алтын Орда мемлекеті аяқтан тұрып кете алмады.

XV ғасырдың ортасында Ұлық Мұхаммед (Жошының он үшінші ұлы Тұқай Темірдің сегізінші ұрпағы) пен Кішік Мұхаммед (Тұқай Темірдің тоғызыншы ұрпағы) арасындағы билік үшін талас, іргесі шайқалып тұрған мемлекетті одан сайын әлсіретті. Бұл жерде мына нәрсені айта кетейін, хан тағы үшін бір мезгілде Мұхаммед есімді екі хан күрес жүргізгендіктен жазба деректерде олардың бірін «Ұлық» — үлкен, екіншісі «Кішік» — Кіші Мұхаммед деп атаған. 1433 жылы Кішік Мұхаммед Сарай қаласын басып алғандықтан, Ұлық Мұхаммед Еділ өзенінің жоғарғы жағындағы бұлғар жеріне кетті. Сол жақта Қазан хандығының негізін қалады. Кішік Мұхаммед 1437-1461 жылдар аралығында Алтын Орданың билеушісі болып, билеуші топтар арасында талас-тартыстарды тоқтатуға, мемлекеттің одан әрі күйреуіне жол бермеуге күш салды.

Алтын Орданың соңғы ханы Ахмет (Кішік Мұхаммедтің ұлы) 1461-1481 жылдар аралығында билікте отырды. Ол мемлекетті нығайту үшін біршама сәтті қадамдар жасады. Дешті Қыпшақтағы «Көшпелі өзбектер» мемлекетінің соңғы ханы Шайх Хайдарды ноғай мырзалары мен Сібір хандығының көмегіне сүйене отырып талқандады. 1471 жылы Литва кінәздігімен Мәскеу билеушісі ІІІ Иванға қарсы одақ құрды. 1472 жылы Мәскеуге жорық жасап, қаланы өртейді. 1477 жылы Мәскеумен одақтасқан Қырым хандығын жеңіп, оның тағына Жәнібек ханды отырғызады. 1480 жылы қазан айында Ахмет ханның әскері Ока өзенінің сағасы Уграға келіп тоқтады. Ол алғашында өзеннің қатқан кезінде мұздан өтіп, шабуыл жасауға әзірленгенімен, қараша айының ортасында әскерін кері қайтарды. Осы оқиғадан кейін Мәскеу Алтын Ордаға тәуелділіктерін мойындамады. Ал Ахмет хан сібір ханы Ибақпен соғыста ұрыс даласында қаза тапты. Оның ұлдары хан тағына отырғанымен, Алтын Орданың құлдырауын тоқтата алмады. Яғни, дәл осы уақыттан бастап, Алтын Орданың өмір сүруін шартты түрде тоқтатады. Оның орнына Қазан, Астрахань, Қырым ал одан сәл ертерек Ноғай Ордасы, Қазақ хандығы, Сібір хандықтары пайда болып, тарих сахынасына шығады.

– Алтын Орданың әлі де зерттелмеген, ашылмаған сырлары бар ма?

– Алтын Орда тарихын зерттеу ісіне алғаш көңіл бөлген австриялық шығыстанушы-тарихшы Йозеф фон Гаммер-Пургшталь (ХІХ ғ. ортасы) болса, кейін Ресей тарихшысы В.Г.Тизенгаузен (ХІХ ғ.соңы) орасан зор зерттеу жұмыстарын жүргізді. Оның араб және парсы тілдеріндегі жазба деректер негізінде құрастырған «Алтын Орда тарихына қатысты материалдар жинағы» атты екі томдық еңбегі бүгінгі күнге дейін маңызын жоғалтқан емес. Ол жинақ тарихшылар арасында қысқаша «СМИЗО» деген атаумен кеңінен танымал.

Кеңестік кезеңде В.В.Бартольд, А.Ю.Якубовский, Б.Д.Греков және т.б тарихшылар өз зерттеулерін арнаған болатын. Ал, қазақ тарихшыларынан Алтын Орда тарихына қатысты кешенді зерттеу жүргізген зерттеушілер жоқ десек те болады. Сондықтан бұл мәселе араб, парсы тілдерін жетік білетін және орта ғасыр кезеңі бойынша маманданған зерттеушілердің еншісінде һәм болашақтың еншісінде. Иә, Алтын Орда тарихын ұлттық әрі жалпы адамзаттық түрде тұрғысынан зерттеу бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі екендігі даусыз.

– Тоқаев осы датаны мерекелеу аясында Жошы ханның есімін ұлықтауды қолға алу қажеттігін айтқан еді. Бұл қаншалықты маңызды?

– Тарихты жеке тұлғалар жасайды деген қағида бар. Мысалы, Керей мен Жәнібек хандар десек, Қазақ хандығының құрылуы, Абылай хан десек, қазақ жерін моңғолдардан азат ету оқиғасы оймызға келеді. Енді осыдан елу-жүз жыл өткеннен кейін Н.Назарбаевтың есімі Қазақстанның тәуелсіздік алу оқиғасымен байланыстырылатыны сөзсіз. Сол сияқты Жошы хан есімі Шыңғыс хан шапқыншылығынан кейін Шығыс Дешті Қыпшақта құрылған Алтын Орда мемлекетінің тарихымен тығыз байланысты. Себебі, нақ осы мемлекеттің іргетасы Жошы ханның тұсында қаланып, оның ұлы Батыйдың тұсында бекітілді. Тарихи деректерде Жошы ұлысы немесе Жошы мемлекеті деп аталды. Алтын Орда атауы кейіннен, яғни XVІ – XVІІ ғғ. орыс жылнамаларында айтыла бастаған болатын.

Екіншіден, қазақ хандарының барлығы да Жошы ханнан тарайды. Нақтылар болсақ, Жошы – оның үлкен ұлы Орда Ежен – одан кейін бірнеше ұрпақтан соң Ақ Орданың атақты ханы Орыс хан (1350-70 жж. билік құрған) оның үлкен ұлы Тоқтақия – одан Болат – одан Керей тарайды. Ал Орыс ханның төртінші ұлы Құйыршық – одан Барақ – одан Жәнібек тарайды. Сондықтан, Жошы ханның есімі қазақ тарихы үшін өте маңызға ие. Оның есімін ұлықтау тарихшыларға үлкен міндеттер жүктейді. Демек, енді бізге Жошы ханның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру міндеті тұр. Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризм орталығы болуы тиіс. Президент айтқандай, бұл жұмыстар Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында басталуы керек.

– Тарихтан сыр шертіп, әсерлі әңгіме өрбіткеніңіз үшін сізге көп рахмет!

Әңгімелескен Данияр САҒЫНДЫҚ.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK