Жетісу облысындағы қызылшаның эпидемиологиялық ахуалы

139

Жетісу облысында қызылша жұқпасының эпидемиологиялық жағдайы тұрақты, дегенмен вакцинациямен қамту оптималды деңгейге жетпейді. Иммундаумен қамту төмендегенде ең алдымен қызылша инфекциясы бас көтереді. Ол өз кезегінде өте жұқпалы болғандықтан, бұрқетпе орын алады.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде, облыс бойынша да 2023-2024жылдары қызылша бұрқетпесі орын алды, 2024 жылы қызылшаның 727 жағдайы тіркелді, сырқаттанғандардың 80% бұрын қызылшаға қарсы бірде-бір екпе алмағандар. 2025 жылдың басынан 5 жағдай тіркелді. Науқастанғандардың барлығы вакцина алмағандар.

Қызылша – вируспен берілетін өте жұқпалы инфекция. Егілмеген, иммунитеті төмен адам 100%  жұқтырып алады. Сондықтан егілмегендер саны артқанда, ортаға сырттан әкелінген 1 ғана жағдай инфекцияның таралуына жол береді.

Инфекция көзі – науқас адам. Ауру ауа-тамшылы жолмен, науқас адам сөйлегенде, жөтелгенде немесе түшкіргенде беріледі. Вирус ауада түскен беткейлерде 2 сағатқа дейін белсенді.

Жасырын кезең – 7-21 күн аралығында (жиі 10-11 күн).

Белгілері: қызылшаның алғашқы белгісі дене қызуының көтерілуі, ол 4-7 күнге созылады.

Бастапқы кезеңде мұрыннын бітуі, жөтел, көздің қызаруы және жасаурауы байқалады, ұрттың ішкі жағында ақ дақтар пайда болады.

Вирус әсер еткеннен соң 7-18 күн аралығында (орташа есеппен 14 күнде) бөртпе пайда болады: көп жағдайда бетте және мойыннын жоғарғы бөлігінде, 3 күннен соң бөртпе бүкіл денеге тарайды. Бөртпе 5-6 күн сақталады, кейін жоғалып кетеді.

«Ең күрделі асқыну – соқырлық, энцефалит, отит, пневмония. Қызылшаның ауыр ағымы кіші жастағы балаларда жиі кездеседі, себебі олар дұрыс тамақтана алмайды, әсіресе А дәрумені жеткіліксіз болғанда ауру ауыр түрде өтеді.  Қызылшаның арнайы емі жоқ. Инфекцияға қарсы ең тиімді алдын алу шарасы – вакцинация. Ұлттық күнтізбеге сәйкес: баланың 12-15 айында және қайта егуі 6 жасында жүргізіледі»,— Жетісу облысы СЭБД басшысының орынбасары Индира Кунбасова.

Сіз немесе балаңыз ауырып қалса:

— шұғыл дәрігерді үйге шақыру;

— дәрігер келгенге дейін туыс, таныстармен байланысты азайту;

— жөтелгенде және түшкіргенде ауыз-мұрынды орамалмен жабу;

— қолды сабынмен және сумен жиі жуу;

— бетперде қолдану қажет.

Уақытында алынған екпе – инфекциядан қорғайды, өмірді сақтайды!

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз