Облыс орталығы Талдықорғанда қала күніне арналған мерекелік шаралар аясында бірқатар азаматтар қоғамдық өмірге қосқан үлестері үшін марапатталды.
Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл мерекелік шара биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, Талдықорған жұртшылығына ерекше мерекелік көңіл күй сыйлауда.
Шара шымылдығын ашқан қала әкімі Ернат Бәзіл барша талдықорғандықтарды Қала күнімен құттықтап, ақжарма тілегін білдірді. Шара аясында қала әкімі қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдени және қоғамдық өміріне сүбелі үлес қосқан азаматтарды Құрмет грамотасымен және түрлі номинациялармен марапаттады.
Қала әкімі Ернат Бәзіл:
— Биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Бүгін марапатталған әр азамат қаламыздың дамуына өз еңбегімен үлес қосып жүрген жандар. Осы ретте, түрлі салада адал еңбек етіп жүрген азаматтарға алғысымызды білдіру біздің парызымыз. Баршаңызды Қала күнімен құттықтаймын!,- деді.
Марапатталғандар қатарында білім, денсаулық сақтау, мәдениет, коммуналдық қызмет, кәсіпкерлік және басқа да салаларда еңбек етіп жүрген азаматтар бар. Олардың еңбегі қаланың келбетін жақсартуға бағытталған нақты істермен көрініс табуда.
Сонымен бірге, түрлі салада үздік нәтиже көрсеткен мекемелер мен тұрғындар арнайы номинациялар бойынша да марапатталды. Атап айтқанда, «Үздік аула», «Үздік көпқабатты тұрғын үй», «Үздік тазалықшы», «Үздік ауылдық округ», «Үздік сауда нысаны», «Үздік үлгілі тұрғын үй», «Үздік аулашы», «Үздік үлгілі тұрғын үй ауласы» және «Үздік коммерциялық нысан».
Айта кетейік, биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» елімізде кең көлемде аталып өтуде. Осыған орай, Талдықорған қаласында да еңбек адамын ұлықтауға бағытталған іс-шаралар легі жалғасуда. Қала күні аясында ұйымдастырылған марапаттау рәсімі соның бір айқын дәлелі іспеттес.
Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметі





























