Талдықорған қалалық Қоғамдық кеңесінің 8 отырысы өтті. Бұл жолы Кеңес мүшелерінің назарына 6 мәселе ұсынылды.
Ең алдымен «Қаланың жалпы білім беретін мектептерінің бастауыш сынып оқушылары үшін тегін тамақтануды ұйымдастыру және барысы туралы» қалалық білім бөлімінің басшысы Шынар Шарипбаева баяндама жасап, бұл мәселенің қала мектептерінде сапалы әрі тиімді жүргізіліп жатқанын атап өтті. Мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылатын бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақпен қамту ісі қаламыздың барлық мектептерінде жолға қойылған. Талдықорған қаласының 27 мектеп асханасын барлығы 19 жеке кәсіпкер жалға алып, қызмет көрсетуде. Жалпы білім беретін мектептерде асханаларды ұйымдастыру мемлекеттік-жекешелік әріптестік және мемлекеттік сатып алу механизмі арқылы жүзеге асырылып келеді. Айта кету керек, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары – бұл жеке кәсіпкер мен мемлекет арасындағы ұзақ мерзімді серіктестік, шарттар 5-10 жыл мерзімге жасалады. Бүгінгі таңда Талдықорған қаласы бойынша 7 мектепте асханалар дәл осы мемлекеттік-жекешелік әріптестік моделі негізінде жұмыс жасайды. Кеңес мүшелері қалалық білім бөлімі басшысына барлық мектептердегі асханаларды жалға алушылардың қызметін қадағалап, тамақтың сапасы мен қауіпсіздігіне аса көңіл бөлу керектігін айтып, бақылауға ата-аналарды, қоғамдық кеңес мүшелерін де тартуды сұрады. Сонымен қатар күн тәртібінде Халыққа қызмет көрсету орталығының мемлекеттік қызметтерін атқару, қаланың жылыту маусымына дайындық барысы, бұқаралық спортты дамыту, коммуналдық қалдықтарды басқару, солтүстік-батыс тұрғын ауданында №14 автобус бағыты бойынша жаяу жүргіншілер жолын салу мәселесі де қаралды. Заң аясында көрсетіліп жатқан аталмыш мемлекеттік қызметтердің күрмеуі шешілмей отырған кейбір тұстарына кеңес мүшелерінің көңілдері толмай, қарастыру кейінге қалдырылды. Сала басшыларына жауапкершілікті күшейтіп, халықтың талабына құлақ түру ұсынылды. Пайдаланылған жылу үшін төлемақы мөлшерін анықтау, веложол салу, коммуналдық қалдықтарды өңдеу, жаяу жүргіншілер жолын талапқа сай салу ісі де тұрғындар талабы.





























