Ғылым мен инновацияға жаңа серпін қажет

128

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жасаған Жолдауында еліміздің білім экономикасына көшу бағытын айқындап, ғылым мен инновацияны басқаруда жаңа тәсілдер қажет екенін ерекше атап өтті.

Қазіргі таңда әлемдік дамудың басты қозғаушы күші – білім мен технология. Қазақстан да бұл үрдістен қалыс қалмай, ғылымға, инновацияға, жасанды интеллектке басымдық беріп отыр. Алайда Мемлекет басшысы атап өткендей, ғылымға бөлінген қаржының қайтарымы әлі де мардымсыз. Жаңа патенттердің аздығы, өнеркәсіпке енгізілген технологиялардың жеткіліксіздігі, өндірістік нәтижелердің баяулығы – шешуді қажет ететін түйткілдер.

Сондықтан Президент инновациялық саясатты Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырына беру қажеттігін айтты. Бұл – ғылыми әлеуетті бір орталықтан үйлестіруге, зерттеу институттары мен университеттердің арасындағы байланысты күшейтуге мүмкіндік беретін қадам. Ғылым академиясы мен министрлік бірлесіп жұмыс атқарса, ғылым-білім-инновация үштігі жаңа сапалық деңгейге көтерілері сөзсіз.

Жолдаудағы тағы бір маңызды ой – жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын университеттерге дербестік беру. Бұл әлемдік тәжірибеде өзін ақтаған шешім. Университеттердің дербестігі ғылыми ізденістерді еркін жүргізуге жол ашады, ал жасанды интеллект сынды заманауи құралдар ғылымның тиімділігін арттыра түседі.

Білім экономикасына көшу – тек қағаз жүзіндегі бағдар емес, елдің болашағын айқындайтын стратегиялық міндет. Ғылым мен инновацияны дұрыс басқару арқылы ғана Қазақстан жаңа технологиялық жетістіктерге қол жеткізіп, әлемдік бәсекеде өз орнын таба алады.

Қорыта айтқанда, Президенттің бұл бастамасы – елдің ғылыми-инновациялық әлеуетін жаңа белеске көтеруге бағытталған нақты қадам. Ендігі міндет – осы идеяларды жүйелі іске асырып, ғылымды шынайы өндірістік күшке айналдыру.

Әли СОЛТАНБЕКҰЛЫ
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз