«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Қызылтас–Тасбақа» шатқалында экологиялық квест өтті

232

Қала іргесіндегі әсем табиғатымен көркем, тарихи жәдігерлерге бай өлке «Қызылтас–Тасбақа» шатқалында экологиялық квест ұйымдастырылды. Аталған шара «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында және Қала күні мерекесіне орай өтті.

Тазалық шарасына қала әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков, қоғам белсенділері, табиғат жанашырлары және ерікті жастар қауымы қатысты. Шараның мақсаты табиғатты аялау, оның тазалығын сақтау арқылы жас буынның бойына экологиялық мәдениетті терең сіңіру және оны насихаттау.

— Өздеріңіз білетіндей, Қала күні аясында отыздан астам түрлі іс-шара ұйымдастырылуда. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына Жолдауында экология мәселесіне ерекше мән берді. Әсіресе, «Таза Қазақстан» бағдарламасына тоқталып өтті. Бұл бағдарлама жай ғана бір реттік акция емес, ол болашағымыздың кепілі, күнделікті өміріміздің мәдениетіне айналуы тиіс. Сонымен қатар, өткен тарихымызға деген құрмет әрдайым жоғары тұруы керек. Қаламыздың іргесіндегі «Қызылтас – Тасбақа» шатқалы – ерекше тарихи мұра, ата-бабамыздан қалған қасиетті мекен. Сондықтан бұл бабалар мұрасын көздің қарашығындай қорғау әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Бүгінгі шараға қатысып, тазалықты сақтауға үлгі көрсеткен баршаңызға үлкен ризашылығымды білдіремін, – деді қала әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков.

Экологиялық квест барысында аумақты тұрмыстық қатты қалдықтардан тазарту жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, Жетісу облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау орталығы тарапынан арнайы қорғау тақтасы орнатылды. Жастар командалық тапсырмаларды орындап, алғыс хаттармен марапатталды.

Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз