Облыс орталығы Талдықорғанда Қала күні қарсаңында көпшілік асыға күтетін дәстүрлі «MISS TALDYQORGAN – 2025» сұлулық байқауының ақтық кезеңі өтті.
Биылғы байқауға 30-дан астам ару өтініш білдіріп, олардың арасынан 15 бойжеткен ақтық сынға жолдама алды. Бұл сұлулар алдын ала іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өтіп, финалға өткен үздіктер қатарынан табылды.
Байқаудың басты ерекшелігі — «MISS KAZAKHSTAN-2025» сұлулық байқауының PR-директоры Құралай Құрманның арнайы келіп, әділқазылар құрамынан табылып, құрметті қонақ ретінде қатысуы болды. Құралай өз сөзінде аруларға шабыт беріп, бойжеткендерге сәттілік тіледі.
Сұлулық сайысында әр қатысушы бас жүлдеге лайық екенін дәлелдеуге тырысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ақылына көркі сай аруларды іріктеуде қазылар алқасына шешім шығару оңайға соқпаған.
Әділқазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге 17 жастағы Алина Нұрахметова лайық деп танылып, жеңімпаз атанды. Ол 500 000 теңге көлеміндегі қаржылай сыйлыққа ие болды. Сонымен қатар, енді Алина Жетісу облысының атынан республикалық деңгейде өтетін «MISS KAZAKHSTAN» байқауында өнер көрсететін болады.
Сайыс соңында сөз алған Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков барлық қатысушылар мен демеушілерге алғыс білдіріп, жеңімпаздарға арнайы марапаттарын табыстады.
Айта кетейік, «MISS TALDYQORGAN – 2025» сұлулық байқауына арнайы келген қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары – «KeshYOU» тобы аруларға қолдау көрсетіп, танымал әндерінен шашу шашып, жиналған жұртшылыққа ерекше көңіл-күй сыйлады.
Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметі





























