Биыл Жетісу облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 21 жасыл аймақ абаттандырылады

Жетісу облысында биыл «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында 21 жасыл аймақ, атап айтқанда 13 саябақ, 2 свквер, 6 аллея абаттандырылуда. Құрылыс жұмыстары барлық аудан-қалаларда жүріп жатыр, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Экологиялық бағдарлама аясында абаттандырылып жатқан нысанның бірі — Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ ауылындағы – «Жеңіс» саябағы. 1980 жылдары салынған бұл саябақтың аумағы — 6 га. Нысанда қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жаяу жүргіншілер жолы жаңартылды, бордюр орнатылып, асфальт төселуде. Сондай-ақ балалар және спорт алаңдарына жаттығу құралдары мен турниктер орнатылды. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарына 30-дан астам адам және 6 техника бірлігі жұмылдырылған.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, саябақта жалпы саны 7 балалар ойын және спорт алаңы, 100-ден астам жарықтандыру тірек бағаналары, 60-тан астам орындық қойылып, нысан жаңа кейіпке енеді. Бүгінгі күні мұндағы құрылыс жұмыстарына 12 жұмысшы мен 6 техника жұмылдырылған. Жыл соңына дейін құрылыс аяқталуы тиіс.

Аудан тұрғындары елді мекеннің көркейтіліп жатқанына дән риза.

— Орталық саябаққа келсем, санамда көп естеліктер жаңғырады, өйткені бала кезімде мұнда ата-анаммен бірге жиі келетінмін. Әке-шешем ауылдастарымен бірге осы саябаққа ағаш отырғызған. Қаншама жылдан кейін саябақтың жасарып, жаңарғанын көру – мен үшін қуаныш, — дейді Евгений Соболенко.

Бұл пікірді Қарабұлақ ауылының тағы бір тұрғыны Ескендір Садыбаев та қуаттады:

— Бұл саябақтың жөндеу көрмегеніне де біршама жыл болды, маған тіпті қараусыз қалғандай көрінетін. Қазір оның іші-сыртын ретке келтіріп, балалардың ойнағанына да, бір уақыт үлкендердің серуендеп демалуына да қойлайы жағдайлар жасалуда. Енді оны күтіп-ұстап, жасалған дүниеге жанашырлықпен, ұқыпты қарауымыз керек, соны өз басым балаларға айтып-түсіндіріп жүремін, — дейді ол.

Атап өтсек, 2022-2024 жылдар аралығында өңірде 11 саябақ, 5 сквер, 2 аллея салынып, оған қоса қайта жаңғырту жұмыстарының арқасында 21 саябақ жаңарды. Жалпы облыс аумағында ауданы 300 гектарға жуық 132 жасыл аумақ бар оның 66-сы — саябақ, 35-і сквер, 31-і аллея.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Жұмабай Мұсабеков,

сол сияқты фотогсуреттерді Ескелді ауданының әкімдігі ұсынды

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз