Адамзат тарихында достық ұғымы үнемі жоғары рухани құндылық ретінде бағаланып келген. Ежелгі ойшылдардан бастап қазіргі заман философтарына дейінгі еңбектерде достық – адам мен адамның арасындағы ең шынайы, мүддеге тәуелсіз байланыс ретінде сипатталады.
Философиялық тұрғыда достық – бұл жай ғана араласу немесе бірге уақыт өткізу емес, бұл – бір-бірін терең түсіну, ой ортақтығы, рухани үндестік. Аристотель нағыз достықты «жақсылық үшін жақсы көру» деп сипаттаса, Шығыс ғұламалары дос таңдаудағы жауапкершілікке ерекше мән берген. Яғни шынайы достық адамның ішкі дүниесін байытып, өзін тануға ықпал ететін айна іспетті.
Қазіргі тұтынушылық қоғамда достық ұғымы жиі жеңілдеп бара жатқандай. Көп жағдайда қарым-қатынастар мүддеге, уақытша қажеттілікке негізделеді. Бұл – рухани құндылықтардың әлсіреуінің көрінісі. Ал шынайы достық уақыт пен кеңістікке бағынбайтын, жүректен орын алатын ерекше байланысты білдіреді.
Достық адамның жалғыздықпен күресіндегі табиғи қорғаны. Ол – жан тыныштығының, сенімнің және ішкі еркіндіктің кепілі. Осы тұрғыдан алғанда, достық тек әлеуметтік қажеттілік емес, ол – философиялық, рухани феномен.
Қорытындылай айтқанда, достық – адам өмірінің мәнін тереңірек ұғынуға, ішкі үйлесімділікке жетуге сеп болатын биік құндылық. Оны бағалай білу – рухани жетілудің белгісі.
Құрметбек Сансызбайұлы





























