Демалыс күндері Балқаш көлі жағалауынан 4 тоннаға дейін қоқыс шығарылады

Жетісу облысындағы Балқаш көлі жағалауында санитарлық тазалық шаралары тұрақты атқарылып, демалыс күндері көл жағасынан 4 тоннаға дейін қоқыс шығарылады. Сонымен қатар көлге апаратын жол бойындағы Лепсі ауылында жол қауіпсіздігі үшін жылдамдық өлшегіш құрылғылар мен бейнекамералар орнатылды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Лепсі ауылдық округінің әкімдігі тарапынан көл жағалауының тазалығы шаралары тұрақты түрде жүргізіледі. Округ әкімі Ақтөре Қиястың айтуынша, жағалаудың тазалығы үшін аудандық әкімдік 2 техникамен қамтамасыз еткен және ауыл тұрғындарынан тазалық үшін 10 адам арнайы бекітілген. Жағалаудан жұмыс күндері 2 тоннаға дейін, ал демалыс күндері 4 тоннаға дейін қоқыс шығарылады.

Балқаш көліне дейінгі жол жаңғыртылып, көлік қозғалысы үшін ашылғаннан кейін көлге келушілер саны айтарлықтай артты. Осыған орай жолдағы қауіпсіздік шараларын күшейту қолға алынды.

— Жазғы шомылу маусымы кезінде автокөлік жолындағы қауіпсіздік, жол апатының алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау аса маңызды. Сондықтан Лепсі ауылына 4 дана «Мерген» жылдамдық өлшегіш құрылғысы мен 4 бейнебақылау камерасы орнатылды. Бұл өз кезегінде жүргізушілердің жылдамдықты шектен асырмауына ықпал етуге, жолдағы тәртіпті бақылауға бағытталған, — дейді аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Рүстем Ботбаев.

Көл жағалауының инфрақұрылымын дамыту және санитарлық тазалығын жақсарту бағытындағы игілікті шараларға демалушылар да риза.

— Мен Талдықорған қаласынан биылғы шомылу маусымында үшінші рет келіп отырмын. Жолдың сапасы жақсарғаннан бері көлге келетін халық қарасы көбейді. Балқаштың суы жылы, жағасы таяз, құмды, әсіресе бала-шағаның түскеніне өте қолайлы. Жағалауды дамыту қолға алынып жатқанын естідік, өте дұрыс шешім деп есептейміз, — дейді Аяулы есімді демалушы.

Еске салсақ, Балқаш көлі – Жетісу өңірінің маңызды туристік нысандарының бірі. Бүгінгі күні көл жағалауына инфрақұрылым тартылуда. Қазіргі кезде көл жағалауында 52 мың адам демалса, жағалау қажетті инфрақұрылыммен қамтылып, даму жоспары іске асырылғаннан кейін мұнда маусымына 450 мыңнан астам адам демалады деп болжанып отыр.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз