Алматы облысының полицейлері Іле ауданында есірткі затын шығарып, оны таратумен айналысқан тұрғынды құрықтады, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру жұмысы барысында сараптама актілерімен нақтыланған «марихуана» есірткі заты бар 8 сіріңке қорабын тәркілеген. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 1-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Облыстық Полиция департаменті Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы Қазбек Мұхамедов келтірген мәліметке сүйенсек, Іле ауданының 47 жастағы азаматы өз үйінің екінші қабатында «марихуана» өсірумен, оны дайындаумен және таратумен айналысқан. Ол есірткі өнімдерін дайындау үшін арнайы зертханада күн батареясына жүгініп, бөлмеге қажетті микроклимат орнатқан.

Тәртіп сақшылары тінту кезінде жалпы салмағы 26 келіге жуық 47 түп өсімдікті, 295 орама және салмағы 8,5 келі дайын екі қап «марихуана» тапқан. Есірткі өсіру, аса ірі мөлшерде дайындау және сақтау дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 300-бабының 1-бөлігі, 296-бабының 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бүгінде кінәсін мойындаған күдікті уақытша қамақта отыр.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK