Тарихқа көз жүгіртсек, 1994 жылы 6 шілдеде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Астананы Ақмола қаласына көшіру туралы» қаулы қабылдады.
Елорданы Алматыдан басқа қалаға көшіру туралы шешімнің бірнеше себебі бар еді. Соның ішінде Қазақстанның оңтүстік шекарасында орналасқан Алматының өнеркәсіп орталықтарынан шалғай орналасуы ықпал етті. Ақмола облыстардың ішінде алдыңғы қатарда болды. Сонымен қатар бұрынғы астананы одан әрі кеңейту мүмкіндігі аз болды, ал Ақмоланың бұл жағынан перспективасы зор.
1997 жылы орталық мемлекеттік мекемелер Ақмолаға ресми көшірілгеннен кейін елордаға қатысты тағы бір маңызды шешім қабылданды. 1998 жылы 6 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қалаға «Астана» деген жаңа атау берілді.
Астана елорда мәртебесіне ие болған жылдар ішінде , барлық жағынан өсіп-өнген алып шаһарға айналды.
Мадина Аманжолқызы, Астана тұрғыны :- Астанаға Нұр-Сұлтан аталып тұрғанда көшіп келдік. Қазақта « Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу » -деген жақсы нақыл бар. Баламыз жасынан өнерге құштарлығы ерекше болды. Мұны байқаған мамандар елордағы өнер мектебіне неге апарып көрмейсіз деген пікірлер, Астанаға жол тартуымызға себеп болды. Содан Есенәлиіміздң арманы осы қалада жүзеге асты. Димаш Құдайбергенов оқыған өнер ордасының мектебіне қабылданғанда ерекше қуандық. Атақты өнер иесі Күләш Байсейітова атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы мектебінде оқып-білім алуда. Бүгінде №2 музыкалық мектептен қазақ халық аспаптар бөлімінің домбыра сыныбын қызыл дипломмен аяқтап, қазір вокалда оқиды.
Бұл оқу орны өз шәкірттерінің өнерін шыңдау мақсатында шетелде өтетін байқауларға қатыстырып келеді. Есенәли Сайлауұлы бірнеше мәрте халықаралық байқауларға қатысып, лауреат атанды. Елорда асыл армандардың орындалуына себепші шаһар. Биік мәдениет пен өнердің ордасы. Шаһарымыз өркендеп, жастарға даңғыл жол ашсын!
Айгүл Қасенова, кәсіпкер: — Өткенде Алматыдан Астанаға қонаққа барып қайттым. Елорда қандай өркендеп кеткен, таңғалдым. Көркіне көз тоймайды. Нағыз жастардың қаласы. Көрнекті ғимараттарының маңайы түрлене түскен. Шағын демалып отыратын саябақтар, демалыс орындары көп екен. Елорда тұрғындары да ашық-жарқын көрінді. Қалаға келген қонақтар «Бәйтерек» монументіне, Орталық Азиядағы ең үлкен — Ұлттық музейге , Бейбітшілік және келісім сарайы, «Астана» орталық концерт залы, әлемдегі ең үлкен шатыр саналатын — «Хан-Шатыр» ойын-сауық орталығына арнайы ат басын тірейді екен. Көптеген этнос өкілдері тұратындығын байқадым. Түрлі ұлт өкілдерінің тату-тәтті өмір сүруінің арқасында Астанаға 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен «Бейбітшілік қаласы» атағы берілуі де зор мақтаныш. Миллиондардың қаласында түрлі ғимараттар мен тұрғын үйлер көптеп салынуда. Бұл да қала дамуының көрсеткіші. Астана күнімен баршаңызды құттықтап, отбасыларыңызға амандық, бақыт, толағай табыс тілеймін!