Кеше Талдықорған қаласында «Заң және тәртіп — сенің құқығың мен жауапкершілігің!» атты құқықтық кездесу өтті. Шараның негізгі мақсаты — жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңға деген құрметті арттыру және азаматтық жауапкершілікті нығайту. Кездесуге Талдықорған қаласы прокурорының орынбасары Халықов Даурен Аскарұлы, бөлім прокурорлары Шыңғыс Рысбек пен Арайлым Қаулыбек, қалалық полиция басқармасының аға тергеушісі Айдана Башчикулова, сондай-ақ жергілікті полиция қызметінің басшысы Азамат Абдильдаев қатысты.
Құқық қорғау органдарының өкілдері жастарға құқық бұзушылықтың салдары, заң алдындағы жауапкершілік, интернеттегі алаяқтық және киберқауіпсіздік мәселелері бойынша кең көлемде түсініктеме беріп, нақты мысалдармен бөлісті. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын мамандарға қойып, ашық пікір алмасу алаңына белсенді қатысты.
Іс-шара барысында интернет алаяқтық туралы деректі фильм көрсетіліп, кейін Kahoot платформасы арқылы құқықтық викторина ұйымдастырылды. Бұл ойын түрінде өткен бөлім қатысушылардың құқықтық білімін тексеріп, пайдалы ақпаратты жеңіл әрі қызықты форматта меңгеруге мүмкіндік берді.
Шара соңында ұйымдастырушылар белсенділік танытқан жастарға алғыс білдіріп, мұндай кездесулердің жастардың құқықтық санасын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.