Домбыраның әр пернесі тарихтың қатпарлы сырларын ақтарады. Бұл асыл аспапта қазақтың болмысы, шежіресі, дүниетанымы жатыр. Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет сынды күй дүлдүлдерінің мұрасы – халқымыздың ғасырлар қойнауынан жалғасып келе жатқан айрықша қолтаңбасы. Атадан балаға мирас болған ұлттық музыка өнерін насихаттау, қоғамда ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау және жаңғырту мақсатында Ұлттық домбыра күні бекітілгені баршаға мәлім. Бұл мереке бүгінде елдік рухты көтеретін айшықты шараға айналды. Осыған орай Талдықорғанда бір мезетте 5000 күйші домбыраның күмбірін әуелетіп, қазақ күй өнеріндегі рекордты жаңартты.
Аталмыш шарада «Бақтыбайдың әуені» және «Ерке сылқым» күйі орындалды. Шараның мақсаты – киелі домбыраның рухани және мәдени маңызын жас ұрпаққа насихаттап, ұлттық өнерді дәріптеу, болашаққа бағдар боларлық рухани мұраның қадір-қасиетін арттыру. Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі «Атырау, Орал қалаларында бір мезетте мыңнан астам, ал, Астанада, Түркістанда, Рудныйда үш мың қатысушы күй орындап, ауқымы кең жиындар өткен болатын. Сіздер бұл көрсеткішті ұлғайттыңыздар»-деп айтулы шараны абыроймен атқарған Жетісу жұртшылығына рекорд орнатқаны үшін арнайы куәлік табыстады.