28 маусым – Бұқаралық ақпарат саласы қызметкерлерінің күні. Айтулы мереке қарсаңында Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, елеулі еңбегімен көзге түскен бірқатар азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Солардың қатарында өз саласының майталманы, «Талдықорған» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Нұршанова Гүлжанат Мырзалықызы «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды.
Журналистика саласы көп біліммен қатар жаңа ақпараттық технологияларды толық меңгеруді, басқаруда менеджерлікті қажет етеді.
Гүлжанат Мырзалықызы журналистика саласында 30 жылдан астам уақыт бойы қажырлы еңбек етіп, талай жас буынға үлгі-өнеге көрсетіп келеді. 2019 жылдан бері «Талдықорған» газетінің бас редакторы қызметін абыроймен атқарып келеді. Қасиетті қалам шебері қаланың қоғамдық өмірінде де белсенді. Талдықорған қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде салиқалы пікір білдіріп, әлеуметтік, білім, мәдениет, экономикалық, жалпы айтқанда, шаһардың қарыштап дамуына өзіндік үлес қосуда. Қоғамдық кеңесте көтерілген әрбір мәселеге баса назар аударып қана қоймай, дұрыс шешімін табуына атсалысуда.
Ол 1982 жылы Қаратал ауданына қарасты «Балхаш» орта мектебін үздік бітіріп, еңбек жолын қарапайым жұмысшы болудан бастады. 1984-1990 жылдар аралығында Ш.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің филология факультетінде білім алды. 1990 жылы «Жетісу жастары» Жастар қауымдастығына жұмысқа қабылданып, ізденімпаз, алғыр, алдына қойған мақсатына жетпей тынбайтын жас ретінде таныта алды. Журналистік қызметтің қыр-сырын меңгеруге деген құлшынысы оны 1993 жылы Талдықорған облыстық телерадиокомпаниясына редакторлық қызметке қабылдануға жетелеген еді. Сол жылдан өмірдің ең маңызды жаңа белесі басталды.
Журналистика саласы, оның ішінде радио, теледидар арқылы облыс жұртшылығына кеңінен ақпарат таратып қана қоймай, республика тарапынан өткізілген түрлі саяси оқиғаларға белсене атсалысты. Еңбегі еленіп, еңбек кітапшасына облыс әкімінің ерекше алғысы енгізілді. Ақпарат бөлімінің қазанында қайнай жүріп, өзекті мәселелерге назар аударуды өзінің борышы санайтын. Ақпарат бөлімінің басшылық қызметіне тағайындалып, сенім үдесінен шыға білді. Журналистикаға сіңірген еңбегі үшін облыс, қала әкімдерінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарын иеленді. 2000 жылы «Талдықорған» газеті жанындағы «Қала тынысы» телебағдарлама бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. Облыс орталығының тыныс-тіршілігін көрермендерге таныстырумен қатар, газетке түрлі тақырыптарға қалам тербеді. Тынымсыз еңбегінің арқасында газеттің жауапты хатшысы, бас редактордың орынбасары қызметін атқарды. 2019 жылдан мерзімді басылымның бас редакторы қызметіне тағайындалды. Қаламы жүйрік, өзекті мәселелерді толғап, ұлт мұраты, тарих және дін, тіл проблемаларын барынша көтеріп, облыстың «Үздік журналист» номинациясын иеленді. Гүлжанат Мырзалықызы өз қажыр-қайратына сеніп қызметін адал атқарып келеді. Жыл сайын қала, облыс әкімдері, сала басшылары тарапынан түрлі марапаттарға ие болып келеді. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл медалінің иегері. Алматы облысы әкімінің қолдауымен жарық көрген «Қараталдың қарлығашы» кітабының авторы. «Талдықорған» газетінің басшысы ретінде басылымның халық пен билік арасындағы алтын көпір болуына ерекше мән беруінің арқасында 2023 жылы этножурналистика саласындағы «Шаңырақ» байқауының «Үздік басылым» номинациясына ие болды. Гүлжанат Мырзалықызы: «Еліміздің жүрегі Астанада Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, марапат алу- зор мәртебе. Менің ойымша, журналистика мамандығын таңдаған адам өз кәсібіне өте адал болуы керек. Сонымен қатар қағазы мен қаламы арқылы қорғансызға пана болып, әділеттілікті жақтағандары жөн. Қоғамдағы болып жатқан жетістіктермен қатар келеңсіздіктерді аямай жариялаудан адасып қалмағаны жөн. Дей тұрғанмен, тың ақпараттарды жариялаған кезде дерек пен дәйек толық болуы шарт.
Бүгінгі мерекеде әріптестер баршаңызға зор денсаулық, бақытты ғұмыр, шығармашылық табыс, отбасыларыңызға ырыс-береке тілеймін! »





























