Уақытпен санаспастан тілшілік тіршілік қазанында қайнап, ел мүддесі үшін ерінбей еңбек ететін журналист – бүгінгі күннің бейресми батыры. Бұл жол жауапкершілік пен терең танымды, тәуелсіз ой мен тұғырлы ұстанымды талап етеді. Қаламы арқылы қоғамның тамырын дөп басып, оқырманның жандүниесіне жол тапқан әрбір әріптесіміз руханият майдангерлері. Әр сөзінде салмақ, әр сөйлемінде мағына бар. Қоғамдағы кез келген қозғалыстың дүрсілін алғаш аңғарып, соны халыққа жеткізетін де қалам иелері екені даусыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау салтанатында «Сіздер мемлекет саясатын елге түсіндіріп, қоғам мен биліктің арасында көпір болып келесіздер. Елімізде жасалып жатқан реформалардың мән-мағынасын жұртшылыққа жеткізіп жүрсіздер. Бұл – өте маңызды, күрделі, ерекше жұмыс. Әрбір адамның қолынан келмейді» — деп ұлттық медиа – халықтың үні, ал журналист жасампаздық жаршысы екенін атап өтті. Олар ел ішінде болып жатқан оқиғаларды екшейтін, сараптап жеткізетін сарабдал маман. Шындық пен әділеттілік жолындағы талпыныс, халыққа адал қызмет ету олардың күнделікті кәсібінің өзегі. Журналистік еңбектің шынайы рақаты — көрерменіңнің ойыңды бөлісіп, оқырманыңның жүрегіне жетуінде, тыңдаушының тілегін тап басуында. Қызметіміз жайлы «Халықтың көзі, құлағы hәм тілі» болып жүрген сала мамандары сөйлесін.
Еңлік КЕНЕБАЙ, Жетісу облыстық «Jetisŷ» газетінің жауапты хатшысы:
Ғасырдан асқан тарихы бар қасиетті қара шаңырақ «Jetisŷ» газетінде қызмет етіп келе жатқаныма 10 жыл болды. Бұл – менің қасиетті қара шаңырағым. Өз уақытында халқымыздың небір қаймақ қайраткерлері кенен де кемел ой-пікірлерімен руханият шырағданын маздата жақты. Сол тұста газеттің сарғайған беттерінде саясаттың, әдебиет пен журналистиканың қара нарлары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Смағұл Сәдуақасовтың қолтаңбасы қалған. Міне, біз бүгінгі таңда қасиетті де қастерлі басылымда қызмет етіп жүрген ең бақытты ұрпақпыз. Редакциядағы жауапты хатшы – редакцияның жүрегі. Себебі бұл қызмет екі есе жауапкершілік жүктейді. Редакциядағы әрбір қызметкерлермен тығыз жұмыс істейтін де дәл осы маман. Ақ қағазға түскен мақаланы қабылдап, тақырыбына қарай беттерге бөлу, мазмұнына сай жинақтау, беттеуші мамандармен бірлесе отырып газет дизайнын өзгерту, түрлендіру, оған жан бітіру, қысқасы, газет «қыздың жиған жүгіндей» қатесіз оқырман қолына тигенге дейінгі жұмыс жауапты хатшының міндетіне кіреді. Қандай мамандық, лауазым болса да ең бірінші мамандыққа деген махаббат адал болуы керек. Мамандығын, жұмысын жақсы көрген, сыйлаған адам еңбектен шаршамайды, талмайды. Шерхан Мұртазаның тілімен айтқанда «жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» тілшілер халықтың тіршілігінен, әлеуметтік әл-ауқатынан, руханияты мен қоғам тынысынан хабар тарататын қалам иелері «Қаламға және жазуға серт» етіп, абыройлы еңбек етулеріне тілектеспін.
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, жаңалықтар бөлімінің шығарушы редакторы: Журналистикаға 17 жасымда келдім. 2009 жылдың қыркүйек айы. «Жетісу» арнасында жастарға арнайы сабақ өтіп жатқанын естіп, барған едім. Мұндағы атмосфера бірден баурап алды. Бейсен ағамыз өзім тәрізді жастарға басшы ғана болмай, қамқорлық танытты. Қанат бітіріп, жол көрсетіп, самғатты. Ең алғашқы эфирім «Таңжарық» бағдарламасы болды. Мен өте тұйық, ұяң болатынмын, журналистика ең әуелі мінезімді қалыптастырды. Осы жерде өсіп-өндік, жетістіктерге қол жеткіздік, жалпы, аталмыш салаға келгеніме бақыттымын. Журналистер қауымы қай дәуірде де халқына шынайы, жедел ақпарат жеткізуді мұрат еткен, кәсіби шеберліктің жарқын үлгісін көрсетіп келе жатқан абзал жандар. Олар бүгін де, ертең де ел мүддесін көздейтін маңызды мәселелерді көтеріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде алғы саптан табылары анық. «Дәл бүгінгі таңда ақпарат айналымындағы бірінші кезекте тұрған журналистік туынды – жаңалық. Әлбетте, бұл бағыттағы негізгі нысан – тележаңалықтар». Жаңалықтар топтамасының тұрақты түрде эфирге шығуы барысында еңбектеніп келеміз. Ардың жүгін арқалап, көргенімізді зерттеп-зерделеп, қалың бұқараға қызмет етудеміз.
Арайлым НҰРЖАПАР, Жетісу облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің тілші-модераторы: Шын мәнінде, қызығы мен қиындығы қатар жүретін бұл сала қалам ұстаған, Шерхан атамызша айтсақ, жантақ арқалаған бұл қауымға артылар жүк ауыр. Жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың хабаршысы болып қоғамдық ахуалдың алғы шебінде жүретін айрықша кәсіп иелерінің қызметі қадірлі де, құрметті. Жетісу облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне биыл 3 жыл толады. Бұл мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізетін маңызды құрылым. Халыққа ресми ақпарат таратып, мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы байланысты қамтамасыз етеді. Негізгі қызметтері — баспасөз мәслихаттарын ұйымдастыру, ақпараттық пресс-турлар ұйымдастыру, ақпарат тарату, ақпараттық түсіндіру жұмыстары, координация, түрлі тақырыптарда подкасттар жүргізу. Бір сөзбен айтқанда Өңірлік коммуникациялар қызметі — мемлекеттің «ақпараттық дауысын» жеткізетін ресми алаң.





























