Ұлттық кино онкүндігі

449

Жетісу облысында ұлттық кино онкүндігі басталды. Бұл онкүндіктің ерекшелігі  фильмдер тек облыс орталықтарында ғана емес, шалғай ауыл-аймақтарда да көрсетілмек. Шара барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» қолдауымен түсірілген «Қажымұқан» фильмі көрсетілді. Сондай-ақ, «Жамбыл. Жаңа дәуір», «Дос-Мұқасан», «Бауырына алу», «Патриоттар уақыты»  сынды бірқатар кино көпшілік назарына ұсынылмақ.

Көрсетілімге Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сұлтанұлы, медиаменеджер Нұржан Жалауқызы, фильм режиссері Қанағат Мұстафин, басты рөлді сомдаған актер Диас Төлепберген,  мәдениет саласының қызметкерлері, шығармашылық зиялы қауым мен БАҚ өкілдері, қала тұрғындары қатысты. Қанағат Мұстафин тарихи фильм сценарийіне 2012 жылы кірісіп, тақырыпты 10 жылдай уақыт зерттеген. Туындының мақсаты – Қажымұқанның өмірімен өскелең ұрпақты таныстыру, оның жетістіктерін ұлықтау және үлгі алу. Фильмде қазақ балуанының өмірбаянындағы ең жарқын оқиғалар туралы айтылады. Режиссер Қ.Мұстафин «2019 жылы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ашылып, мен алғашқы питчингке қатысып, грант жеңіп алдым. Бұл мен үшін үлкен мүмкіндік болды. Содан бері жоба нақты қарқынмен дами бастады. Қазіргі уақытта экранға шыққан нұсқасы – коммерциялық версия деуге болады. Ал алдағы 1-2 жылдың ішінде «Қажымұқан» туралы толық режиссерлік версияны шығаруды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті. Айта кетейік, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының негізгі миссиясы – кинематография саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және отандық киноиндустрияны дамыту үшін жағдай жасау. Мемлекеттік қаржыландыруды ұсынатын бірыңғай оператор ретіндегі ҰКҚМО қызметі ұлттық фильмдерді шығару мен ілгерілетуді қолдауға, кинопрокатты дамытуға және елдегі кинотеатрлар санын арттыруға бағытталған. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 117 отандық фильм көрерменге жол тартты. Оның ішінде 72 көркем фильм, 37 деректі фильм және 8 анимациялық туынды бар.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз