Жетісу облысында «Шаңырақ» этножурналистика байқауының жеңімпаздары анықталды

335

Этносаралық қатынастар тақырыбында жазып жүрген журналистерді ынталандыру арқылы отандық журналистиканың дамуына жәрдемдесу, көпэтносты Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрлерінің озық  үлгілерін ілгерілету, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, БАҚ-тағы қоғамдық келісім мен жалпыхалықтық бірлік мәселесіне арналған публицистикалық материалдардың сапасын арттыруды мақсат еткен «Шаңырақ» байқауы Жетісу облысында қорытындыланды.

Басқосуда «Қоғамдық келісім» КММ басшысының м.а Р.Усанова,  шараға қатысушы БАҚ өкілдерін шығармашылық байқауда қол жеткізген табыстарымен құттықтады.  Р.Усанова: «Этножурналистика бүгінгі тәуелсіз елдің болашағы үшін ауадай қажет сала. Оның мақсаты  — Қазақстан халқы Ассамблеясы немесе қоғамдық келісім кеңестерінің жетістіктерін көрсету ғана емес,  осы тақырыпқа қалам тарта отырып, халқымыздың ұлттық құндылығын әспеттеу болып табылады».

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау биыл облыстың екіге бөлінуіне орай кештеу өткізілген. Мемлекеттік және орыс тілінде жазылып, түрлі ақпарат құралында жарияланған, телеарналардың эфирінде көрсетілген жұмыстар сараланған. Байқауға қатысушылардың  үкілеп жіберген мақалаларын білікті журналистерден құралған қазылар алқасы сараптап, тиісті бағасын берді.

– Мақсаты айтып тұрғандай, қоғамдық келісім, ұлттар арасындағы татулық, этнос арасындағы береке-бірлікті нығайтуға арналған байқауға қойылатын талап та жеңіл болмайды. Сондықтан бұл конкурсқа қосатын материалдар да мазмұн-мағынасы сай болып, жұтынып тұруы керек. Әрине, бұл ретте байқауға түскен материалдардың бәрі бірдей талапқа сай келмейді деуге де немесе бәрі бірдей керемет деп те айтуға болмайды. Кейбір есеп үшін жазылған дүниелерді  байқауға жібере салған жайттар да кездесті. Әрине, этножурналистика саласын жазатын тілшілерге үлгі алып, өнеге ететін дүниелер де аз емес. Сондықтан әділқазылар алқасы материалдарды жан-жақты сараптап, оның байқау шарты мен таңдаған номинацияның талабына сәйкес келетіндерін іріктедік. Ең бастысы, әрбір үміткердің материалы әділ бағасын алды деп сеніммен айта аламын, – дейді әділқазылар алқасының мүшесі Нүсіпбай Әбдірахым.

Әрине, байқау болғасын оның жеңімпаздары да болады. Биылғы облыстық байқаудың бас жүлдесін Жомарт Игіман алса, Шыңғыс Қалиден, Данагүл Мәкен, Сарби Әйтенова жүлделі орындардың жеңімпаздары атанды.Қалған  журналистер қауымы да диплом мен ынталандыру сыйлығын иеленді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз