Жауынгерлік рухты шыңдаған дода

254

ҚР ҰҚК Шекара қызметі Арнайы жасақ бөлімшелері арасында ұйымдастырылған «Арнайы жасақ ойындары» сайысы — тау тұлғалы сақшылардың кәсіби шеберлігін шыңдауға бағытталған стратегиялық маңызды шара. Оның басты мақсаты — әскери қызметшілердің физикалық және психологиялық дайындығын жетілдіру, заманауи тактикалық операцияларды жоғары деңгейде орындау қабілеттерін арттыру.

Сонымен қатар, жарыс міндеттерінің қатарында — әскери қызметшілердің бірлігін, командалық рухын нығайту, олардың арасындағы өзара көмек пен түсіністікті арттыру. Әр кезеңде қойылған күрделі тапсырмалар командалардың ынтымақтастығын және жеке тұлғаның кәсіби дағдыларын дамытуды қамтамасыз етті.

Жарысқа қатысушылардың басты ерекшелігі — олардың физикалық дайындығы мен психологиялық төзімділігінің жоғары деңгейде болуы. Олар кешенді дайындықтан өткен, әртүрлі экстремалды жағдайларда іс-қимыл жасауға үйретілген. Сонымен қатар, қатысушылар арасында жас сарбаздар мен тәжірибелі офицерлер де бар. Бұл командалардың үйлесімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Жарыс ҰҚК Шекара академиясының далалық оқытуды қамтамасыз ету басқармасының әскери оқу-жаттығу базасының арнайы алаңында өтті. База заманауи құрал-жабдықтармен, кедергілермен, қауіпсіздік шараларымен толық қамтамасыз етілген. Жарыс алаңы табиғат жағдайына сай, кең және әр түрлі физикалық тапсырмаларды орындауға мүмкіндік беретін жер болды.

Бірнеше күнге созылған шараның әр күні  алдын ала дайындалған бірнеше нақты кезеңнен тұрды. Қатысушыларға техникалық және қауіпсіздік нұсқаулықтары толық беріліп, барлық құрал-жабдықтар мен медициналық қызметтер дайын тұрды.

 Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген арнайы мақсаттағы бөлімшелер барынша мұқият дайындықпен қатысып, жоғары жауынгерлік дайындықтарын көрсетті.

Сайысқа қатысқан бөлімшелер жарыстың күрделі әрі тосын жағдайларына бейімделіп, арнайы жасаққа тән тәртіп пен тәрбие арқылы қиындықты еңсере білді. Бұл — өз ісіне адал, Отан алдында берген антына берік жауынгерлердің сапында тек нағыз мамандардың қызмет етіп жатқанын көрсетті. Шекара қызметінің әр өңірінен келген командалар — өз аймақтарында үздік деп танылып, тәжірибе мен шеберлікті ұштастырған жауынгерлерден құралған. Олар бұл жарысты тек бәсеке ретінде емес, Отан алдындағы борыш пен әскери ар-намысты тағы бір мәрте дәлелдейтін сын сағаты ретінде қабылдады.

Ойын барысында байқағанымыз — команданың әр сарбазы кәсіби дайындалған, шұғыл жағдайда шешім қабылдауға, кез келген тапсырманы мүлтіксіз орындауға қабілетті жауынгер екендігі.

Осылайша бірнеше күнге созылған 2025 жылғы «Арнайы жасақ ойындары» өз мәресіне жетіп, нағыз жауынгерлік рух пен кәсіби шеберліктің көрінісіне айналды. Әрбір сайыс, әрбір сынақ — қатысушылардың төзімі мен тактикалық дайындық деңгейін, топтық үйлесімділікті, жылдам әрі дұрыс шешім қабылдау қабілетін сынады. Енді, міне, сол қиын белестерден сүрінбей өткендер лайықты марапатқа ие болар сәт те жетті.

Салтанатты марапаттау рәсімі Шекара қызметі директорының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы полковник Бауыржан Абсаматовтың құттықтау сөзімен басталды. Ол арнайы жасақ жауынгерлерінің кәсіби дайындығы мен Отан алдындағы адалдығына жоғары баға беріп, жарыстың әр сәті ерлік пен тәртіптің, намыс пен қайраттың мектебіне айналғанын атап өтті.

Марапаттау рәсімінде төмендегі номинациялар бойынша үздіктер анықталып, құрметке бөленді: «Үздік атқыш» — ефрейтор Еламан Райханов (Ақтөбе облысы бойынша департамент), «Үздік оқшашаршы» — кіші сержант Николай Пожарский (Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті), «Үздік мерген» — аға сержант Владимир Кузнецов (Павлодар облысы бойынша департаменті), «Үздік топ бастығы» — капитан Райымбек Досан (Бейнеу шекара басқармасы).

І орын — барлық сынақтарды өзгелерден ерте аяқтап, жоғары кәсібилігін дәлелдеген Сарыағаш ауданы бойынша шекара басқармасына, ІІ орын — тактикалық ептілік пен шешім қабылдаудағы үздік үйлесіммен жақсы нәтиже көрсеткен Күршім ауданы бойынша шекара басқармасына, ІІІ орын — Мақтаарал ауданы бойынша шекара басқармасына бұйырса, «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясы — Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті алды. Марапаттау рәсім әскери салтанатқа сай жоғары деңгейде өтті. Әскери командалардың жүлделі орындардан көрінуі — тек құрмет қана емес, сонымен бірге болашақта да үміт пен жауапкершілік жүгін арқалауға үндейтін маңызды кезең.

Салтанатты бөлім соңында жарыстың ең әсерлі сәттері, күрделі кезеңдер мен жауынгерлердің ерлігінен көрініс тапқан 2025 жылғы «Арнайы жасақ ойындары» туралы бейнеролик көрсетілді. Мерекелік рәсім аяқталысымен сахна төрінде мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылып, арнайы жасақ жауынгерлерінің құрметіне ән-күйлер шырқалды.

М. Қарекенов,
подполковник

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз