Талдықорғанда көпбалалы аналар құрметке ие болды

236

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:«Біз аналар мен балалардың бақытты өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет. Сол арқылы өркениетті, дамыған елдің берік тұғырын қалыптастырамыз», – деген болатын.

Облыс орталығында 200 мыңнан астам тұрғын болса, соның 6 мыңы көпбалалы ана. Талдықорғанда жыл сайын жүздеген анаға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» төсбелгілерін салтанатты түрде тапсырылып келеді. ҚР Президентінің 2025 жылғы 28 сәуірдегі №862 Жарлығымен талдықорғандық  2 ана  «Алтын алқаға», ал 10-ы  «Күміс алқаға» ие болды.  Аптаның сәрсенбісінде  Салтанат сарайында Талдықорған  қаласының  әкімі Ернат Бәзіл  көпбалалы 12  анаға  осы мемлекеттік марапаттарын табыстаған болатын.

« Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетер абзал жандар, әр отбасының алтын қазығы. Әрбір ана құрмет- қошеметке лайық.  Отбасы – қоғамның іргетасы десек, аналар сол шаңырақтың берекесі мен мейірімі. Тәрбиелі ұрпақ – елдің ертеңі. Осы  орайда, ұрпағына  дұрыс  бағыт-бағдар беріп, ел  болашағына  елеулі үлес қосып келе жатқан сіздерге, аяулы аналар, алғысым шексіз.  Әр шаңырақта амандық пен береке болсын», — деді қала әкімі  Е. Бәзіл.

Ұлжалғас Медетбекова көпбалалы ана  болу үлкен мәртебе екенін жеткізді.

«Ана болу үлкен өнеге, зор  қуаныш,дүниеде  одан асқан бақыт  жоқ. Осыдан 16 жыл бұрын көпбалалы отбасына келін болып түстім. Анамыз Нұриха Бисекенова 10 баланы өсіріп-тәрбиелеген абзал жан. Сол кісіден бала тәрбиесінде көп өнеге алдым. Өзім  секілді марапатқа ие болған жандарды шын жүректен құттықтаймын. Осындай жарқын сәттер көп болсын. Әрбір  бала елінің елеулі, халқының қалаулы перзенті болсын, — деді Ұлжалғас Медетбекова.

Әйгерім Байбосынова:«Жолдасым Данияр екеуіміз алла берген алты баланы өсіріп-тәрбиелеудеміз. Енем алтын құрсақты ана. Сол аналардың жолын берсе «Алтын алқаға» жетерміз. Бүгін марапат алып жатқан барлық аналарды құттықтаймын. Балаларымыздың аспаны ашық, бақытты болсын!»

Салтанатты жиында аналарғагүл шоқтары табысталып,  әсем ән  де шырқалды.   Әкім аналармен естелік суретке түсті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз