Балалардың қуанышы мен күлкісі бәрінен қымбат

264

Балаларды  қорғаудың халықаралық күні  облысымызда  кең көлемде аталып өтілді. Бұл күн аясында балаларға қуаныш пен шаттық сыйлаған бірқатар танымдық, мәдени және спорттық шаралар өткізілді.

  Жетісу облысы білім басқармасының бастамасымен қала мектептерінен 100-ден аса  оқушылар  үшін арнайы экскурсиялар ұйымдастырылды. Олар Қаратал ауданындағы К.Тоқаев мұражайына, Ақсу ауданындағы Тамшыбұлақ шипажайына және Кербұлақ ауданындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мемориалдық мұражайға саяхат жасап, тарихи-мәдени мұралармен танысуға мүмкіндік алды.Талдықорған қаласы әкімдігі, білім бөлімі, мәдениет және спорт бөлімдерінің қолдауымен «Балдәурен балғын шақ» атты мерекелік шарада балалар интеллектуалды ойындарға қатысып, қыш құмыра жасау және ұлттық ойындармен айналысты. Сондай-ақ, шеберлік сабақтар арқылы балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік жасалды.

  «Жастар» және «Жеңіс» саябақтарында «Әлем сұлулығы балалар көзімен» атты асфальтқа сурет салу байқауы мен «Бақытты балалық шақ» атты пленэр өткізілді. Мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілері үш доңғалақты велосипед жарысына қатысып, «Ертегі әлемі» атты сахналық қойылымдарды тамашалады. Сонымен қатар мектеп оқушылары арасында «Жүзден жүйрік» эстафетасы, волейбол және ұлттық ойын түрлерінен жарыстар өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін байланыссыз жануарлар бағы, «Шебер жас техниктер» бұрышы және «Бақытты балалық шақ» атты тақырыптық кітап көрмелері де көпшіліктің назарына ұсынылды.  Аталған іс-шаралар балалардың жан-жақты дамуына, ұлттық құндылықтарды насихаттауға және олардың жарқын әрі бақытты балалық кезеңін қамтамасыз етуге бағытталды.

 Ал жағажайдағы салтанатты шараның шымылдығын қала әкімі Ернат Бәзіл ақжарма тілегімен ашып, барша қала тұрғындарын, балаларды төл мерекелерімен құттықтады.

Мереке аясында қаламыздың өнерлі оқушыларының концерттік бағдарламасымен қатар, оқушылардың қолөнер бұйымдарынан құралған көрме және жас суретшілердің туындылары жұртшылық назарына ұсынылды. Шара барысында  қаламыздың кішкентай өнер жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Айта кетейік,  кешкі бағдарламада Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған дәстүрлі «Балдәурен–2025» балалар шығармашылық байқауының ақтық кезеңі ұйымдастырылды.  Сондай-ақ, кәсіпкерлердің  «Business Fest -2025» фестивалі де  өтті. Шара аясында балалар үшін аниматорлар, түрлі көңілді ойындар мен караоке сайысы ұйымдастырылып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз