1 мамыр – елімізде бейбітшілік пен ынтымақтың, достық пен татулықтың символына айналған, бірлікті дәріптейтін мереке. Қазақстан халқының бірлігі – ел тұрақтылығы мен дамуының кепілі. Сондықтан бұл мереке әр қазақстандық үшін аса маңызды. Қазақстан халқы Ассамблеясы да бұл күннің маңызын арттыруда үлкен рөл атқарып келеді. Ассамблея еліміздегі этностардың мүдделерін қорғап, бірлік пен келісімді сақтауға бағытталған жұмыстар жүргізіп отыр. Ұйым «Этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылды. Соның арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісі қалыптасты».
Айта кетейік, облыстық ҚХА-ның қазіргі құрамында 22 — этномәдени бірлестік, 111 — Аналар кеңесі, 124 — Ақсақалдар кеңесі бар. Достық үйінде медиация кабинеті, аудан, қала әкімдіктерінің жанындағы 15 медиативтік алаң, ғылыми-сараптамалық топ, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетіндегі ҚХА кафедрасы, жетекші журналистер мен сарапшылар клубы, «Ассамблея жастары» жастар қозғалысының облыстық өкілдігі жұмыс істейді. Олар бірлікті, конфессияаралық және этносаралық келісімді нығайтуға айтарлықтай үлес қосуда. Ассамблеяның негізгі міндеті мен мақсаты – этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, ел бірлігін нығайту, қоғамдық келісімді қолдау және дамыту. Ассамблея этномәдени бірлестіктердің күш біріктіруін, Қазақстан халқының ұлттық мәдениеттері, тілдері мен дәстүрлерінің өркендеуін, сақталуын және дамуын қамтамасыз етуде.
Екатерина Подгорнова, «Орыс» этномәдени бірлестігінің мүшесі, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің белсендісі: Мен Ресей Федерациясы, Еврей автономиялық облысы, Биробиджан қаласында дүниеге келгенмін. 3 жасымда әкемнің қайтыс болуына байланысты, анамның туған жері, қазіргі Жетісу облысы, Ескелді ауданы, хәкім Абайдың атымен аталатын Абай ауылына көшіп келдік. Сол ауылдың тек қазақ тілінде оқытатын Абай атындағы орта мектебінде білім алдым. Яғни, балалық шағым осы ауылда өтті. Мектепке дейінгі білімнен бастап қазақ тілінде тәрбиелендім, осының нәтижесінде қазір таза қазақша сөйлеймін. Бастауыш сыныбымдағы ұстазымның айтуы бойынша мен 3-ші сыныптан бастап қазақ тілінде еркін сөйлеп үйренгенмін. Қазіргі таңда да білім алып жүрген мекемемде қазақ тобында оқимын. Мемлекеттік тілде сөйлеу мен үшін бір мәртебе. Сонымен қатар қазақ әдебиетіне деген қызығушылығымның арқасында көптеген «Көркем сөз оқу» байқауларында топ жарып, жақсы нәтиже көрсетудемін. Биылғы жылы өңірлік «Ассамблея жастары» ҚБ-нің мүшесі болғаныма 4 жыл. Осы уақыт аралығында өзім тәрізді жастармен таныстым, өзге қалаларға барып, маңызы зор форум, лагерь, жобаларға қатысып, елімізге танымал адамдармен таныстым. Басқа облыс жастарымен бірлесе іс-шара өткіздім. Сондықтан ҚХА-сының менің өмірімде маңызы зор. Айта кететін бір жәйт, 2024 жылы еліміздегі жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту бағытындағы қосқан үлесім үшін ҚР-ның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрмет грамотасымен марапатталғанмын. 1 Мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл- еліміздегі тұрып жатқан әртүрлі этнос өкілдерінің тату-тәтті, бір үйдің баласындай өмір сүріп жатқанын көрсететін ерекше күн. Мен басқа этнос өкілі болсам да, қазақ елінде өстім және қазақ тілін ана тілімдей қабылдаймын. Себебі, мемлекеттік тіл достықтың тілі, ол — бізді біріктіретін алты көпір десем де артық айтқаным емес. Осы тіл арқылы біз бір-бірімізді тереңірек түсінеміз, бірлігімізді нығайтамыз. Қазір Қазақстанда 130-дан астам этнос өкілдері тұрады. Әрқайсымыздың тіліміз, дініміз, салтымыз, мәдениетіміз, тарихымыз бір-біріне ұқсамайды. Бірақ бізді ортақ біріктіріп тұрған Отанға деген сүйіспеншілік, бейбітшілік және өзара құрмет. Мен үшін аталмыш мереке осындай құндылықтарды атап өтетін, өткенді еске түсіріп, болашаққа сеніммен қарап, өскелең ұрпақты бейбітшілікке, татулыққа тәрбиелейтін ерекше күн.





























