Талдықорғанда журналистер арасында шағын футболдан өткен БАҚ Жетісу лигасының бірінші маусымы өз мәресіне жетті. Екі айға созылған тартысты бәсекеде «SPORT MEDIA» командасы бас жүлдені иеленді, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Аталмыш лигада «VIP PRESS», «BAQ UNITED», «7SUNEWS», «TALDY PARIS», «SPORT MEDIA» және «QALAMGER» сынды командалар өнер көрсетті.

Жарыстың мақсаты – бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында достық қарым-қатынас орнату. Салауатты өмір салтын насихаттап, шағын футболдан үздіктерді анықтау.

Суретті түсірген Айдын Нұршанов

Өткен 10 кезеңнің қорытындысы бойынша, «SPORT MEDIA» командасы 24 ұпай жинап (+15), БАҚ Жетісу лигасының кубогын ұтып алды. «VIP PRESS» 18 ұпаймен (+12) екінші орыннан көрінсе, үздік үштік «TALDY PARIS» командасына (18 ұпай +10) бұйырды.

Ал, «7SUNEWS» (13 ұпай), «BAQ UNITED» (10 ұпай), «QALAMGER» (6 ұпай) командалары келесі орындарға жайғасқан.

Сонымен қатар, Айдос Қалиев – «Үздік қақпашы», Медет Жұмабай – «Үздік ойыншы» және 36 голдың авторы атанған Алмас Мырзахметов «Үздік сұрмерген» аталымы бойынша арнайы марапатталды.

Одан бөлек, сайыста белсенділік танытқан бірнеше әуесқой футболшыларға «Үздік жас ойыншы», «Шабуылды үздік үйлестіруші», «Үздік гол», «Үздік қорғаушы», «Үздік жартылай қорғаушы», «Арадагер ойыншы», «Үздік капитан», «Үздік шабуылшы» сынды номинациялары табысталды.

Жарыс ұйымдастырушысы, әрі «Жетісу» газетінің спорт шолушысы Ришад Тұрғанбай келесі жылы БАҚ Жетісу лигасының екінші маусымын өткізуді жоспарлап отырғандықтарын атап өтті. Ол кезде командалар қайта жасақталып, трансфер болып, ойыншаларды сатып алу науқаны жүреді деп күтілуде.

Аталмыш лиганың марапаттау рәсіміне Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, облыстық «Жетісу» телеарнасы директорының орынбасарлары Серік Әбікенұлы мен Досан Атантелов және «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Оспанұлы арнайы келіп, жарыс жеңімпаздарын құттықтады. Төрден орын алған қонақтар өз сөзінде салауатты өмір салтын насихаттап жүрген журналистерге шынайы ризашылықтарын білдіріп, олардың бұл әрекеттері өскелең ұрпаққа үлгі екендіктерін айтты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK