Мәдениет — рухани діңгек

212

Өткен жылы Жетісу өңірінің ауылдарында 4 мәдениет үйі, 8 блокты-модульдік клубтар, Үштөбе қаласында Қаратал аудандық тарихи-өлкетану музейі қолданысқа берілді. Ал, биыл 9 мәдениет үйінің, 1 аудандық кітапхананың құрылысы және 2 ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы және өзге де жағымды жаңалықтар мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай өткен салтанатты жиында мәлім болды.

Сала қызметкерлерін  облыс әкімі Бейбіт Исабаев құттықтады: «Өнер – ұлттың жаны, мәдениет – рухани діңгегі. Бұл жағынан Жетісу қашаннан өнер дарыған, салт-дәстүрді сақтаған, әдебиеті мен мәдениеті өркендеген өлке. Кешегі Қабылиса жырау, қобызшы Молықбай, ақын Сара мен жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіров, халық суретшісі Әбілхан Қастеев, ғаламат композитор Мұқан Төлебаев, әнші Дәнеш Рақышев, мәдениет министрі Жексенбек Еркінбеков, халық әртісі, әнші Зейнеп Қойшыбаева, театр режиссеры Маман Байсеркин, сахна саңлағы Бикен Римова, талантты жазушылар Әнуар Әлімжанов, Сайын Мұратбеков, ақын Жұматай Жақыпбаев, композитор Теміржан Базарбаев, дәулескер күйші Рахым Тәжібаев, қазақтың Төлегені Құман Тастанбек сияқты талай тарихи тұлғаларды өмірге әкелген, Жетісу өңірі»-деп осы айтулы мерекені жетісулықтар қуанышты жаңалықпен қарсы алып отырғандығын жеткізді. Күні кеше мемлекеттік наградаға ие болған өнер саңлақтарының марапаты мәдениет, руханият саласы қызметкерлерінің еселі еңбегінің жемісі екендігін тілге тиек етті. Жиын барысында бірқатар қызметкерге «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін»,  «Мәдениет саласының үздігі», «Еңбек ардагері» төсбелгілері, «Құрмет» грамотасы табысталды. «Үздік халық  театры», «Үздік халықтық, үлгілі атағы бар ұжым», «Үздік мәдениет үйі»,  «Үздік музей», «Үздік кітапхана», «Үздік мәдениет үйінің қызметкері»,  «Үздік театр артисі», «Үздік дәстүрлі әнші»,  «Үздік биші», «Үздік аспапшы», «Үздік техникалық-жабдықтау қызметкері» номинацияларының жеңімпаздары анықталды. Ал, І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайы «Үздік облыстық мәдениет мекемесі» деп танылып,  жеңіл автокөлік сыйға тартылды.

Айта кетейік, жыл басынан бері Шоқан Уәлихановтың және Бақтыбай Жолбарысұлының 190, Абай Құнанбайұлының 180, Қанабек Байсейітовтің 120, Нұрғиса Тлендиевтің 100, Әнуар Әлімжановтың 95, Жұматай Жақыпбаевтың 80 жылдықтарына орай тағылымы мол шаралар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар театр фестивалі, әншілер мен аспапшылар байқауы сияқты бірқатар республикалық, халықаралық іс-шаралар өткізіліп, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Жетісу өңірінің майдангерлері туралы «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс» атты архивтік материалдардың жинағы жарық көрді.  Жалпы мемлекеттің негізгі басымдықтарының қатарындағы бұл салаға облыста ерекше көңіл бөлініп келеді. Нәтижесінде өңірде  мәдениет және архив мекемелерінің штат саны облыс құрылған үш жыл ішінде 200 бірлікке өсті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз