Полиомиелит: себептері, белгілері және емі

193

Полиомиелит – өте жұқпалы вирустық ауру. Полиомиелит вирусы адамның жүйке жүйесіне әсер етеді және бірнеше сағат ішінде толық сал ауруын тудыруы мүмкін. Вирус адамнан адамға көбінесе лас қолмен, сирек жағдайда ластанған су, тамақ арқылы беріледі, вирус ішекте көбейеді.

Алғашқы белгілері: қызба, шаршау, бас ауруы, құсу, мойынның қатаюы, аяқ-қолдың ауырсынуы. Вирус жұқтырған 200 адамның 1-і қайтымсыз сал ауруына ұшырайды. Ауру 5-10% жағдайда тыныс алу бұлшықеттерінің салдануынан өлімге әкеледі.

Полиомиелит негізінен 5 жасқа дейінгі балаларға әсер етеді. Бірақ вакцинацияланбаған адам бұл ауруды кез-келген жаста жұқтырып алуы мүмкін. Полиомиелит емделмейді, оның тек алдын алуға болады. 20 ғасырда бұл инфекция ең қауіпті деп саналды, полиомиелитке қарсы алғашқы вакциналар тек 20 ғасырдың ортасында жасалды. 1988 жылы 125-тен астам эндемиялық елде 350 000 жағдай тіркелген, 1988 жылдан кейінгі кезеңде жабайы полиовирусты жұқтыру саны 99%-ға азайды. Бүгінде адамзат тағы бір ауруды толығымен жоюға жақындады. Айта кетейік, вакцинаның арқасында 1980 жылы шешек ауруы жойылды.

ДДҰ 2019-2023 жылдарға арналған полиомиелитті жоюды аяқтау стратегиясын 2019 жылы жариялады. Соңғы уақытқа дейін полиомиелит өткен заманның ауру деп есептелді. Әлемде жабайы полиовирус жағдайлары тіркелген бірнеше ел ғана қалды (Ауғанстан, Пәкістан). Бірақ 2020 жылы (қараша) Ауғанстанмен шекаралас Тәжікстанда және 2021 жылы (қараша) Украинада вакцинацияланбаған 1,5 жасар балада асқынулары бар полиомиелит жағдайы тіркелді. 2022 жылы (қараша) Ингушетияда полиомиелиттің бірнеше жағдайы анықталды.

Қазіргі кезде біз күнделікті шетел асып жүргендіктен, бұл ауру үшін шекара жоқ деуге болады. Сондықтан да «вакцинаны алу – аурудан сақтанудың ең тиімді жолы» екенін естен шығармаңыздар!  сал, ауру, денсаулық, Полиомиелитке қарсы вакцинаның бірнеше дозасы баланың өмір бойына иммунитетін қалыптастырады. Вакцинаның 2 түрі бар: пероральды және белсенділігі жойылған полиовакцина. 2 түрі де тиімді, қауіпсіз.

Полиомиелитті толығымен жою – бүкіл адамзат үшін жаһандық қоғамдық игілік болады. Экономикалық модельдеу деректері бойынша полиомиелитті жою кем дегенде 40-50 миллиард АҚШ долларын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Ең бастысы, полиомиелит сәтті жойылған жағдайда, бірде-бір бала полиомиелиттен туындаған сал ауруына байланысты қайғы-қасіретке ұшырамайды.

Индира Кунбасова,

Жетісу облысы СЭБД басшысының орынбасары

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз