Биыл Президенттік жастар кадр резервіне кезекті төртінші іріктеу өткізу жоспарлануда. Іріктеудің басты ерекшелігі – әрбір бағытқа арнайы квота белгіленіп, үміткерлер тек сол салалық шеңберде іріктелетін болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті басшысы Қобылан Манап баяндады.
Спикер ең алдымен бастамашыл, жаңаша ойлайтын жастарды мемлекеттік басқару ісіне тартуға бағытталған Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынғандығына тоқталды.
«Бұған дейін үш іріктеу өткізілгенін білесіздер.Атап айтқанда, 2019, 2021 және 2023 жылдардағы іріктеулерге 60 мыңнан астам азамат қызығушылық танытып, резервке 400 адам қабылданды. 2019 жылы – 300 адам, 2021 жылы – 50 адам, 2023 жылы-50 адам. Осы резервке алынғандардың 318-і мемлекеттік органдар, мекемелер мен ұйымдарда жұмыс жасауда. Осылайша жастардың 80%-ы жұмысқа орналасты.
Биыл Президенттік жастар кадр резервіне кезекті төртінші іріктеуді өткізу жоспарлануда. Төртінші іріктеудің ерекшелігі – әр бағыт бойынша кандидаттардың біркелкі санын қамтамасыз ету мақсатында әрбір кезеңде пропорционалды іріктеу өткізу. Яғни, резервтің әр салалық бағыты бойынша квоталар қарастырылып, іріктеу сол салалық бағыт бойынша ғана жүргізілетін болады»,-дейді спикер.
Кандидаттарға қойылатын жалпы талаптар бұған дейін өткізілген іріктеудің талаптары сияқты, яғни, кандидаттардың жасы 35-тен аспауы, жоғары білімінің, бес жылдан кем емес еңбек өтілінің және қазақ тілін меңгеруі В1 деңгейінен төмен емес болуы туралы талаптар сақталатын болады.
Іріктеуге қатысуға Президент тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, Президенттік жастар кадр резервінде тұрған адамдар жіберілмейді.
Алты кезеңнен тұратын іріктеу маусым айынан бастап қазан айының соңына дейін жалғасады. Атап өтсек, бірінші кезең – 1 маусымнан бастап бір ай ішінде үміткерлердің құжаттарын онлайн режимде қабылдау. Екінші кезеңде – кандидаттардың мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға бағытталған тестілеу өткізіледі. Үшінші кезең – 16–17 тамыз аралығында ситуациялық тапсырмаларды шешу, яғни онлайн эссе жазу арқылы бағалау жүргізіледі. Төртінші кезең – 22 тамыз бен 3 қазан аралығында ассессмент-орталық және кәсіби HR мамандардың қатысуымен өтетін сұхбаттардан тұратын құзыреттерді бағалау кезеңі. Бесінші кезең – 8–15 қазан күндері сарапшылық комиссиямен әңгімелесу. Ал алтыншы кезеңде – Ұлттық комиссияның шешімімен үздік 50 кандидат іріктеліп, қазан айының соңына дейін Президенттік жастар кадр резервіне қабылданатын болады.





























