Талдықорғанда «Мәңгілік елдің мәңгілік сарыны» атты ІІ халықаралық дәстүрлі музыка фестивалі басталды.  Оған еліміздің  әр аймағынан және түбі бір түркі халқының Түркия, Якутия, Хакасия, Башқұрстан, Татарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Монғолия сынды 9 мемлекетінен өрелі өнер иелері келіп қатысты. Жетісу жұртына рухани азық сыйлаған мәдени шараны Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, халық шығармашылық орталығы ұйымдастырған.

 

Екі күндік фестивальдің алғашқы күні әр елден келген өнер дүлдүлдері аймақтағы жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесіп, шеберлік сағаттар өткізіп, сурет көрмесін тамашалады. Сонымен бірге  мәртебелі меймандар Талдықорғандағы журналистер үйінде арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, ізгі лебіздерін білдірді. Басқосуда сөз алған басқарма басшысы Марлен Қапашұлы жалпы өнерпаздарды келген қадамымен құттықтап, оларға толағай табыс тіледі. Сондай-ақ, ол аталмыш халықаралақ фестиваль  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы басты бағыттардың бірі екенін атап өтіп, бұл үрдіс жыл сайын өз жалғасын таба беретінін жекізді.

БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жыршы Ұлжан Байбосынова: «Бүгін киелі Жетісу жерінде ұлт мұрасы ұлықталған күн. Осымен бірнеше мәрте ұйымдастырылған бұл фестивальдің мәні зор. Себебі, барымызды бағамдап, жоғымызды түгендеп, ұлт мәдениетін ұлы деңгейге көтеруге күш салып жатқан бүгінгі таңда мұндай шаралар ауадай қажет. Фестивальдің басты мақсаты да сол. Дәстүрлі  өнерді көпшілікке кеңінен насихаттау. Жастарға қолдау көрсетіп, қазақтың  сазды әуені арқылы әлемдік өркениетке қосқан үлесін паш ету. Ұлттық фольклорлық өнерді жандандыра түсуге ықпал етіп, ансамбльдердің репертуарларын дамыту. Сондай-ақ, әлем елдерінің өнерпаздарымен өзара шығармашылық байланыс орнатып, тарихи-мәдени мұраны жан-жақты дәріптеу. Осыған байланысты бұл фестивальда 9 мемлекттің өнерпаздарымен бірге қазақтың небір жас жыршы, күйші, әншілері өнер көрсететін болады», -деді.

Осыдан соң Түрік елінің белгілі өнерпазы Джем Гюрдал мырза: «Жалпы түрік халқы үшін қазақ даласы ата жұрт  саналады. Мен ата жұртқа  атбасын тіреп отырғаныма ерекше қуаныштымын. Бұл  фестиваль бірнеше мемлекеттің әнші, күйші, жыршыларының басын қосып отыр. Бұдан түбі бір түркі халықтарының мәдениеті мен өнері, салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпы  ұқсас екенін аңғаруға болады. Осы арқылы біз өзара ынтымақтастықты нығайтып, әр ұлттың мәдениеті мен өнерін насихаттауға, көпке танытуға мүмкіндік алып отырмыз. Сол үшін мен ақ еділ қазақ халқына және осы шараның жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен аймақ басшысына, ұйымдастырушыларға айрықша алғыс айтамын» — дей  келіп, өз ризашылығын білдірді. Шара соңы шаһардағы І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында әсем сазды концерттік бағдарламамен жалғасты.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK