Ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды

116
Дереккөз

Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды. Әрбір оқушының білім көкжиегінде еркін самғауына ұлы тұлғалардың  қосар үлестері зор. Мереке қарсаңында осынау жауапкершілігі мол мамандық иелері Дастан мен Шырын Становтар жөнінде  әңгіме өрбітуді жөн санадық.

Дереккөз

Жас ұрпақты  білім нәрімен сусындатып, жақсылыққа тәрбиелеп, үлкен өмірге қанат қақтыратын  ұстаздардың орны қашанда ерек. Дүниедегі мамандық атаулысының төресі де ұстаздық. Себебі өз уақытын аямай, өзгенің уақытын аялаған абзал жандардың алдынан өтпеген  жан жоқ. Ел басқарған көсем де, сөзге жүйрік шешен де, ғылым  иесі  ғалым  да, өлеңмен өмірін өрнектеген  ақын  да, темір балқытқан  ұста да, мың бұралған биші де, күміс көмей әнші де, ғарыш айлағын бағындырған  ғарышкер  де барлығы  ұлағатты  ұстаздан  тәлім  алған. Кейіпкерлеріміз Дастан Советқалиұлы мен Шырын Аманбекқызы шаhардағы қара шаңырақ І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің түлектері. Бірі Абай атындағы №1 орта мектепте, бірі Ш.Уәлиханов атындағы №10 мектеп-гимназиясында қызмет етуде. Бірі салауатты өмір салтын насихаттап, дене шынықтыру жүйесімен таныстырса, бірі табиғат ресурстарын жан-жақты зерттеп, қоршаған ортаның өзіндік ерекшеліктерінен хабардар етуде. Хакім Абай айтпақшы бала тәрбиелеуде, ұстаздық жолда жалықпай, 10 жыл көлемінде еңбек етіп келеді. Шырын Станова «Бағалауға арналған  тапсырмаларды әзірлеу және сараптау» шығармашылық оқу курсын сәтті аяқтап, нәтижесінде өзінің авторлық бағдарламасы жарыққа шықты. Сондай-ақ, «Үздік сынып жетекші» байқауының III орын, республикалық дистанциялық олимпиаданың I, II орын иегері атанды.

Дереккөз

 «Педагогтар отбасында тәрбиеленіп өстім десем артық айтқаным болмас. Анам Гүлнар Оразбаева М.Байысов атындағы орта мектепте кітапханашы боп қызмет етеді. Осы жолды таңдауыма себепкер болған тәрізді. Халық даналығында «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз бар ғой. Кішкентайымнан баулып, қабілетімді дамытқан Марияхан Исабекова мен Рысты Оспанғазықызы сынды қос ұстазымның еңбегі ерен деп білемін. Сол аяулы жандарға қарап бой түзеп, бүгінде мәртебелі мамандық иесі атандым. Алғаш рет еңбек жолымды дарынды балаларға арналған №24 мектеп-лицейінен бастадым. Сол кездегі мектеп басшысы Күлай Түсіпқызы, қазіргі таңда еңбек етіп жүрген білім шаңырағының басшысы, тәлімгерім Гүлнар Нұржанқызына алғысым шексіз. Сондай-ақ, бұл қатарда мектеп директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасарлары, педагогика және әдістеме жағынан көмек көрсетіп, бағыт-бағдар беріп жүрген Ақмарал Кенжеғұлова, Әсел Далабаева, Меруерт Өмірзаққызы, Айжан Жұмаділова, Раушан Молдақұлова сынды өз ісінің нағыз білгірлері бар»-деп мектеп жақсы нәтижеге қол жеткізіп, ағымдағы жылы  ұжымды білім және ғылым министрі Алғыс хатпен марапаттағанын тілге тиек етті. Әл-Фараби «Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын,  ешнәрсені ұмытпайтын  алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» дейді. Расында ұстаздар қауымына жүктелер міндет ауыр.

Дереккөз

«Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүректен ұға білу болып табылады». Біз ел ертеңі саналар, халқына қызмет етер, Отанымыздың даңқын асқақтатар буынды тәрбиелеудеміз. «Бала жас шыбық секілді, қалай күтіп баптасаң, солай иіледі». Ата-ана, қоғам алдындағы жауапкершілік жүгін мейлінше түсіне білуіміз қажет. Көптеген методиканы пайдалана отырып, жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес оқытамыз. Мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Оның дәлелі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыруды тапсырды»-деп Дастан Советқалиұлы қазіргі таңда жастардың қатары артуда екенін баса айтты.

Дереккөз
Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK