Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Талдықорған қаласындағы «Шығыс» шағын ауданындағы көшенің біріне Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Армия генералы, тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілді. Салтанатты жиынға облыс әкімі Бейбіт Исабаев, қала әкімі Ернат Бәзіл, тұлғаның немересі Айжан Нұрмағамбетова, әскери қызметшілер, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев –»Бүгінгі шара – Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, бүгінгі бейбіт өмірді сыйлаған барша аға буынға халықтың көрсеткен үлкен құрметі деп білемін. Сағадат Қожахметұлы – ержүрек жауынгер ғана емес, Қазақстан Қарулы күштерінің тізгінін ұстаған мемлекет қайраткері. Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан Армиясының негізін қалауға бар күш-жігерін жұмсап, өлшеусіз үлес қосты. Осындай біртуар тұлғаның әскери мұрасын зерделеу, өнегелі өмірін ұрпаққа насихаттау – біздің ортақ парызымыз»-деп бұл маңызды шараның бірі екенін атап өтті. Ал, Батырдың немересі Айжан Нұрмағамбетова — «Біздің атамыз бүкіл саналы ғұмырын әскери салаға арнады. Бұл – жас ұрпақ жалғастыруға тұратын және жалғастыруы тиіс өнегелі жол. Ол үшін «парыз», «міндет» деген сөздердің маңызы ерекше еді. Сондықтан да болар, оның жалғыз ұлы алғашқылардың бірі болып Чернобыль апатының зардабын жоюға аттанды. Қазір еліміздің барлық дерлік қаласында Сағадат Нұрмағамбетовтің есімімен аталатын көшелер бар деуге болады. Қайраткер тұлғаға құрмет көрсетіп, есімін ел есінде мәңгі қалдыру мақсатында бүгінгідей іс-шараны ұйымдастырғандарыңыз үшін Қорғаныс министрлігіне, облыс әкімдігіне, барша азаматтарға ризашылығымды білдіремін», -деді.





























