«Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Үкімет қаулысына толықтырулар енгізіліп, «23-сәуір – Ұлттық кітап күні» болып бекітілді. Аталмыш мереке Мемлекет басшысының үшінші Ұлттық құрылтайдың негізгі сессиясында берген тапсырмасына сәйкес пайда болды. Мұндағы мақсат – қоғамда оқу мәдениетін қалыптастырып, озық ойлы мемлекетке айналу. Оның ең төте жолы кітап оқу десек, кітап оқуға ынтаны арттыру үшін қабылданып жатқан шараның ықпалы зор болмақ.
Ұлттық кітап күні мерекесін мазмұнды етіп өткізу туралы тапсырмаға сәйкес Талдықорған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Еңбек ауылдық №4 кітапханасында «Менің сүйікті кейіпкерім» рөлді сомдап оқу техникасы атты мерекелік шара өтті.
Шараға кітапхана оқырмандары мен кішкентай бүлдіршіндер қатысты. Кітап оқуды насихаттап, өскелең ұрпақ өміріне лайықты кітап оқу мәдениетін кеңінен қалыптастыру мақсатында балалардың назарына «Шалқан» ертегісі ұсынылды. Айтулы мерекенің ел игілігіне, кітапқұмар оқырманның көбеюіне әсер етері сөзсіз.
А.Нұрсағатова,
Еңбек ауылдық №4 кітапханасының меңгерушісі





























