Бір шаңырақ астында

363

Талдықорған қаласындағы «Жастар» саябағында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Бір шаңырақ астында!» атты мерекелік шаралар өткізілді. Мұнда қалалықтар мен қала қонақтары түрлі спорттық ойындарды, ұлттық тағамдар көрмелерін тамашалап, өнер ұжымдарының концерттерін тамашалады. Көпшілікті мерекемен облыс әкімі Бейбіт Исабаев құттықтады, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өз сөзінде облыс басшысы Б.Исабаев жуырда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа уақыт жағдайында елдің ішкі тұрақтылығын сақтаудың аса маңызды екеніне ерекше назар аударғанын атап өтті.

– «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» дейді халқымыз. Қазіргідей жаһандағы геосаяси жағдайлар мен мүдделер қақтығысы күрделеніп тұрған шақта тыныштықты бағалай білудің маңызы еселене түсуде. Біз саналуандықтан бірлікке, даралықтан тұтастыққа, бөлшектен бүтінге бет бұрған жаңа қоғам құру үстіндеміз.  Мемлекет сіз бен бізден құралады. Сондықтан туған еліміздің жауапкершілігі де бәрімізге ортақ. Еліміздің ырысы мол, бірлігі берік, тұғыры биік болсын. Өзара татулығымыз бен тұрақтылығымыз нығайып, мемлекетіміз өсіп-өркендей берсін. Баршаңыздың шаңырақтарыңызға шаттық, бақ-береке, мол бақыт тілеймін, – деді құттықтау сөзінде Б.Исабаев.

Осы күні саябақ аумағында «Жетісу сазы» ансамблі мен түрлі этностардың ұлттық аспаптары қосылып, күй шертіп, этно-мәдени бірлестіктер өздерінің ұлттық тағамдарынан көрме ұйымдастырды. Жастарға арналған алаңқайда флеш-моб, би, жастарға арналған ойындар өткізіліп, фотоаймақ орналастырылды. Түрлі спорттық ойындарға да талдықорғандықтар қызыға қатысты. Қолөенр шеберлерінің жәрмеңкесі де қызу жүріп жатты.

Саябақта құрылған сахнада өнер ұжымдарының бірлескен концерті ұйымдастырылды. Алдымен «Бір шаңырақ астында» атты ұлттар достығын бейнелейтін музыкалық-хореографиялық көрініс ұсынылып, соңынан Жетісу облыстық филармониясы, «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблі және облыстық, қалалық би ұжымдары өнер көрсетті. Ал кешке мерекелік шаралар осы саябақта жастарға арналған кешкі ойын-сауық баңдарламасымен жалғасады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз