Жетісу облысында «Наурыз каникул – 2025» жобасы аясында оқушылар арасында театр фестиваль-байқауы, волейбол, баскетбол, футбол сияқты танымал спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, экскурсиялар, ашық есік күні, түрлі тақырыпта челлендждер, вебинарлар, жас суретшілер басқосуы сияқты көптеген іс-шаралар өткізілуде.
Оқушылардың демалысын пайдалы ұйымдастыру мақсатындағы бұл шараларға 12600-ге жуық бала қатысты.
Мәселен, жоба аясында жасөспірімдер нашақорлығының алдын алу бағытында «Театр – тәрбие бастауы» атты облыстық фестиваль-байқауы өтті. Байқауға әр аудан-қаладан үздік шыққан жалпы саны 10 команда қатысып, олар нашақорлық пен жастар буллингінің зияндылығын, ұстазға деген құрметті танытатын көріністер ұсынды. Үздіктерге жүлделі орындар беріліп, сондай ақ, «Үздік декорация», «Үздік жас актриса», «Үздік жас актер», «Үздік сахналық костюм», «Үздік жас режиссер» номинациялары бойынша Алғыс хаттар тапсырылды.
Бұдан бөлек, каникул кезінде «Әжемнің әдемі әңгімесі», «Еңбек бәрін жеңбек» челлендждері өтті. Челлендж барысында оқушылар қазақ халқының бай мәдениетімен, көне әдет-ғұрпымен танысты, отбасы мүшелерінің бірлескен еңбегінің жемісін көрсетіп, ынтымағын танытты.
Ал «Таланттар шеруі» вебинарында қосымша білім беру мекемелерінің 150 тәрбиеленушісі өздері жасаған қолөнер бұйымдарын, шығармашылық жобаларын ұсынып, өзара тәжірибе алмасты. Ертең өтетін жас суретшілерге арналған «Ашық ауадағы сурет» пленэрінде де осындай мүмкіндіктер жасалатын болады. Сонымен қатар облыс аумағында орналасқан музейлерге, Көркем сурет галереясына мыңға жуық бала экскурсия жасауда.
Каникул кезеңінде спорттық шаралар да кеңінен ұйымдастырылды. Волейбол, баскетбол, футболдан өткен спорттық іріктеу жарыстарына қатысқан 1883 оқушының ішінен оза шыққандары бүгін жарыстың облыстық кезеңінде бақ сынасуда. Жалпы жарыс барысында оқушыларға 390 доп үлестірілді.
Алдағы күндері төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекет тақырыбында оқыту-вебинары, ашық есік күні, жас сарбаз кадет сыныбының ҰОС ардагерлері үйінің ауласын тазалау т.б. көптеген пайдалы шаралар жоспарланып отыр.