Өнер — жүректің ісі

34

«Өнер — дүние тұрғанша тұратын ерекше құбылыс. Білектің емес, жүректің ісі». Жыл сайын 27 наурызда барша сахнагерлер кәсіби мерекелерін атап өтеді. Б.Римова атындағы драма театры облысымыздағы айрықша орны бар, өзіндік тарихы бар өнер ордасы. Сондықтан, бұл тек актерлардың  ғана емес, күллі  халықтың мерекесі деуге болады. Осы орайда театр қызметкерлері  төл мейрамдарына орай баспасөз мәслихатында  жаңалықтарымен бөлісті.

Жиын барысында театр директоры Ерлік Жуасбек «Биыл – Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры үшін ерекше жыл. Біз еліміздің мәдени-өнер кеңістігінде өз орнын қалыптастырған театрдың 50 жылдық мерейтойын атап өткелі отырмыз. Бұл – жарты ғасырлық тарих, өнер жолындағы үлкен белес. Бұл айтулы датаны жоғары деңгейде атап өту мақсатында бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Атап айтар болсақ BIKEN FEST ІІІ Халықаралық театр фестивалі өтеді. Бұл фестиваль отандық және шетелдік театрлар арасында шығармашылық байланыс орнатуға, театр өнерін дамытуға тың серпін беріп келеді. Күз айларында театр ардагерлерінің мерейтойлық апталығы өтеді. Осы апталық аясында театрдың дамуына зор үлес қосқан ардагер актерлерімізді құрметтеп, өнердегі жолын дәріптемекпіз. Мерейтой аясында біз үшін аса маңызды қадамдардың бірі – театрға академиялық мәртебе беру туралы біз ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне өтінім жібердік. Бұл мәртебе театрдың өнер саласындағы биік дәрежесін мойындап, әрі болашақ даму жолында жаңа мүмкіндіктер ашар еді»-деді. Айта кетейік, өнер ұжымы жуырда «Беу, қыздар-ай» комедиясын жетісулық көрермен назарына ұсынбақ. Сонымен қатар, жылдың соңына дейін Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» драмасын қайта жаңғыртып, жаңа буын әртістермен сахналауды жоспарлап отыр.  Ерлік Тілеуқұлұлы «Бұл – 50 жыл бұрын театрымыздың шымылдығын ашқан алғашқы спектакль еді. Сол себепті оның жаңартылған нұсқасы біздің мерейтойымызға үлкен сый болмақ»-деп атап өтті. Сондай-ақ, сәуір айында Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық академиялық қазақ драма театрының 90 жылдығына орай ұйымдастырылар «Сырдың Сәбирасы» І Халықаралық театрлар фестиваліне қатысады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз