Наурызнаманың 10 күндігінің соңғысы тазалыққа бағытталған. Осыған орай облыс орталығында сенбілік өтіп, тазалық акциясы ұйымдастырылды. Оған Талдықорғандағы бірқатар мекеме өкілдері, қаланың коммуналдық қызметі мен еріктілерден жасақталған 1000-ға жуық адам қатысты.
«Акцияға жиналғандар негізінен Наурыз мерекесі өткен аумақты тазалады. Шараға 10-нан аса техника тартылып, қала аумағындағы саябақтар мен скверлер күл-қоқыстан тазартылды. Басты мақсатымыздың бірі – тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, тазалыққа көптеп мән беру», – дейді қала әкімінің орынбасары Қуаныш Сейтінбетов.
Тазалық шарасы аясында 5 саябақ, 40 скверде тазарту жұмыстарымен қатар ағаштарды әктеу, арықтарды тазарту және құс ұясын ілу секілді игі істер де болды.
Тазалық эстафетасы Талдықорғанда ғана емес, Жетісу облысының барлық аумағын қамтып, акцияға аймақ бойынша 5000 адам қатысты. Сонымен қатар, бұл шара бір күнмен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта да жалғасын табады.
Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметі