Талдықорған төрінде әз-Наурыз мейрамы бүгін Өтенай және Еркін ауылдық округтерінде тойланды. Ұлыстың Ұлы мерекесі Наурызға арнайы ұйымдастырылған іс-шарада қала әкімі Ернат Бәзіл ауыл тұрғындары мен қонақтарын айтулы күнмен құттықтап, ақжарма тілегімен жалғады.
«Наурызбен бірге ырыс келеді» демекші, Ұлыстың ұлы күнін атап өтуге келген ауыл халқының қарасы қалың. Көңілдері де шат-шадыман. Ауа райы да ерекше жадырап, әуелеген ән айтылып, күмбірлеген күй шертілді.
Ауыл жұртшылығы бір-біріне ақжарма тілектерін айтып, наурыз көжеден дәм татып, түрлі ұлттық спорт түрлерінен өзара мықтыны анықтады.
Салтанатты шара «Талдықорған әуендері» ансамблінің өнерпаздарының және бүлдіршіндердің мерекелік концерттік бағдарламасымен ұласты.
Думанды күні тұрғындарға шамамен 500 литрдей наурыз көже таратылды.
Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметі