Ерлікке тағзым

636

Биылғы жылдың 26 сәуірінде  Чернобыль апатының орын алғанына 37 жыл. Осыған байланысты Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда «Ерлікке тағзым» атты арнайы еске алу шарасы өтті. Қала әкімдігі мен аймақтағы Семей- Чернобыль қоғамдық ұйымы бірлікте ұйымдастырылған басқосуға  апат зардабын жоюға қатысқан азаматтар, ардагерлер, қоғам белсенділері және өзге де саланың жетекшілері қатысып, шаһардың орталық саябағындағы Даңқ Обелискісіне гүл шоқтарын қойды.

Бір минуттық үнсіз еске алудан кейін қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділет Рымтай жалпы апат аймағында болып, оның зардабын жоюға ат салысқан азаматтардың ерлігін атап өтіп,  ізгі тілегін жеткізді. Осыдан соң қоғамдық ұйымдардың төрағалары мен шаһардағы қорғаныс істер басқармасының жауаптылары және ардагерлер  жеке-жеке сөз сөйлеп елімізге амандық, жерімізге тыныштық, мұндай қасыреттің қайталанбауын тіледі.

Кезінде жалпы Кеңес одағы бойынша Чернобыль апатының зардабын жоюға 800 мың адам жұмылдырылса, олардың  32 мыңға жуығы Қазақстан азаматтары. Осы бір атом энергиясының адам денсаулығына төндірер қауіп-қатері кім-кімдерге де оңайға соқпағаны анық. Өкініштісі, апат аймағында болғандардың басым көпшілігі мезгілсіз дүние салып, енді біразы ауыру-сырқау, өмірлік мүгедектік күйге түскен. Оларға тек еліміз егемендік алып, еңсе тіктегеннен бері жыл сайын қаржылай қолдау мен сый-құрмет көрсетіліп келеді. Бүгінде Талдықорған қаласында 115-ке жуық жарылыс ошағында болған ардагер тұрады. Олар қоғамның әр саласында елеулі еңбек етіп, жастарға патриоттық тәрбие беру бағытында өз үлестерін қосып келеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз