Бүгін облыс орталығы Талдықорған қаласындағы «Береке» коттедж қалашығында тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 23 көпбалалы отбасыға баспана кілті табыс етілді.
Осынау қуаныштарымен құттықтау үшін қала әкімі Ернат Бәзіл арнайы келіп, баспаналы болып жатқан тұрғындарға ақжарма тілегін білдіріп, баспана кілттерін тапсырды.
Бүгінде Талдықорған қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған халықты жайлы баспанамен қамту жұмысы қарқынды түрде жүзеге асып келеді. Оған дәлелі, жыл басынан бері әлеуметтік осал топтағы 102 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Ал жыл соңына дейін 1400-ден аса тұрғынды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда. Тұрғындарға берілген баспананың басым бөлігі жалдамалы және несиелік тұрғын үйлер.
Естеріңізге салсақ, өткен жылдың желтоқсан айының соңында 25 көпбалалы отбасыға «Береке» коттедж қалашығынан тұрғын үй берілген еді, ал жыл басынан бері осы қалашықта 49 баспана тапсырылды. Бүгін тұрғын үй кезегінде тұрған 23 көпбалалы отбасыға баспана кілті табыс етіліп, қуанышқа кенелтті. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын таппақ.
«Бүгінгі күні қаламыз бойынша 15 мыңнан аса тұрғын үй кезегінде тұр. Осы мақсатта тұрғын үй салу жұмыстарын өткен жылдарға қарағанда екі есеге ұлғайтып жатырмыз. Осылайша халықты жайлы тұрғын жаймен қамту межесін арттырмақпыз. Жыл сайын 1500-ға жуық баспананы қолданысқа беретін болсақ, тұрғын үй кезегін барынша азайтамыз», — деді қала әкімі.
Айта кетейік, «Береке» коттедж қалашығында қалған 107 коттедждің құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталады деп жоспарлануда.