Талдықорғанда «Жетісудың» археологиялық ескерткіштері ізімен» тақырыбында облыстық ғылыми-практикалық конференция өтті. Аталмыш шараға тарих және география ғылымдарының мамандары, мектепке дейінгі жалпы білім беру ұйымдарының педагогтары қатысты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Алматы облыстық білім басқармасы оқу әдістемелік кабинетінің бөлім меңгерушісі Жанар Диханбаеваның айтуынша, конференция Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында, Алматы облыстық білім басқармасының жұмыс жоспарындағы «Жетісу киелі мекенім» жобасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Жиында алғаш сөз тізгінін алған Ә.Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Арнабай Нұржанов Алматы облысындағы тарихи ескерткіштер жайлы құнды деректермен бөліссе, І.Жансүгіров атындағы ЖМУ оқытушысы, география және экология кафедрасының қауымдастырылған профессоры, география ғылымдарының кандидаты Еркін Тоқпанов Сарқан ауданындағы ерте орта ғасырлық қалалар жайлы айтып, ондағы археологиялық туризмді дамытудың маңызына тоқталды.

Сондай-ақ, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталықтың бөлім меңгерушісі Жандос Ізбасарұлы археологиялық ескерткіштердің қорғалуы жайлы ой өрбітті. Ал, өз кезегінде сөз алған Алтынемел ұлттық табиғи паркінің экологиялық ағарту маманы Айдана Ақбаева, «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық мұражайы директорының орынбасары Жәнібек Жанатбекұлы өскелең ұрпақты тәрбиелеуде тарихтың орны зор екендігін түсіндіріп берді.

Жалпы, жиынға келген ғалымдар оқулықтарда көп кездесе бермейтін тың деректермен бөлісіп, мұғалімдерге сабақ барысында сол мәліметтерді қосымша қолдануға шақырды. Айтуларынша, оқушылар төл тарихымызды тереңнен зерттеп оқыса, отансүйгіштік қасиеті жоғарылап, елге, жерге деген сүйіспеншілігі артады. Тарихи танымы да жоғары болмақ.

Айта кетейік, ғылыми-практикалық конференцияның жұмысы енді тәжірибелік алаңда жалғасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алғашқылардың бірі болып, Талдықорған қаласындағы №11 «Құлыншақ» аралас бөбекжай бала бақшасы, Ш.Уәлиханов атындағы №10 орта-мектеп гимназиясы және Оқушылар сарайының өкілдері өз тәжірибелерімен бөліспек.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK