Талдықорған қаласындағы №30 орта мектептің базасында жас педагог-психологтарға арналған аймақтық оқыту семинары ұйымдастырылды. Облыстық психологиялық қолдау орталығының қолдауымен өткен басқосуға орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагог-психологтары қатысты.
«Саламатты болашаққа қадам: жасөспірімдердің психоактивті заттардан аулақ болуы және өмірлік дағдыларын дамыту» атты шара қоғамдағы өзекті мәселелерді арқау етті. Психоактивті заттар мен құмар ойындарға тәуелділік өзекті мәселелердің қатарында. Мамандардың айтуынша, мұндай зиянды заттардан аулақ болу үшін, ең алдымен баланың психологиялық жағдайын реттеуден басталады. Сондықтан да, әр педагог-психолог баланың ішкі дүниесіне назар аударып, оның эмоциялық және психологиялық тұрақтылығын қалыптастыруға үлкен жауапкершілікпен қараған жөн. Бұдан бөлек, әдістемелік сүйемелдеу бөлімінің басшысы Г.Декембаева және әдіскер А.Тамаева семинар тақырыбы бойынша баяндама жасады. Сондай-ақ, Текелі қаласының №6 орта мектебінің педагог-психологы З. Тулегенова, Талдықорған индустриялық колледжінің педагог-психологы А.Жапарова, Қаратал ауданы Лермонтов атындағы орта мектептің педагог-психологы Т.Липаева жасөспірімдердің психоактивті заттарға әуестігінің психологиялық себептері, алдын алу шаралары және өмірлік дағдыларын дамыту әдістері бойынша тәжірибелерімен бөлісті.
Психологиялық қолдау орталығы өткен жылы №30 мектептің ғимаратынан ашылған болатын. Басты міндеті – балаларға, ата-аналарға және педагогтарға психологиялық көмек көрсету. Мекемеде сенім телефоны 24 сағат бойы жұмыс жасайды. Өткен жылдан бері 84 қоңырау түссе, оның 69-ына психологиялық нақты кеңестер біріліпті. Бүгінгі күнге дейін мамандар өмірлік қиын жағдайға тап болған оқушылармен және ата-аналармен кездесіп, 85 консультация өткізген.
— Жалпы психологиялық қолдау орталығында «Жас мамандар мектебі» деген жоба бар. Бұл жоба аясында әртүрлі шаралар өткізу жоспарланған.Мұнда оқыту семинарлары, онлайн шаралар өте көп ұйымдастырылып келеді,- дейді аталмыш орталық директоры Динара Қыдыкенова.