Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйіне бұл жолы Жетісу облысының Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Даркен Нұржанұлы келіп, БАҚ өкілдерімен кездесті. Спикер аталмыш басқарманың өткен жылғы атқарған жұмысы мен 2025 жылы сәулет саласында іске асырылатын жобалар турасында баяндады.
— Бүгінгі таңда Жетісу облысының 358 елді мекені бас жоспарлармен қамтамасыз етілді. Алайда, қажетіне қарай түзетулер жүргізілуде. Облыс бойынша егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларымен қамтамасыз ету 16,8% немесе 60 елді мекенді құрайды.
2024 жылы Жетісу облысы бойынша біршама аумақтардың қала құрылысы жобаларын әзірлеу (түзету) жұмыстары аяқталып, қазіргі уақытта «Мемсараптама» РМК-да мемлекеттік сараптамасынан өткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Соның ішінде Талдықорған қаласының бас жоспары, Қаладағы әуежайының әуеайлық маңы, Ақсу ауданы Жансүгіров ауылы, Сағабүйен, Сағакүрес ауылдары, Қаратал ауданындағы Үштөбе қаласы және Қалпе ауылы, Сарқан қаласы, Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылы және Балқаш көлінің жағалау аумағының құрылыстық құжаттамалары әзірленуде. Жалпы айтқанда, облыс орталығы Талдықорғанда халқы жыл сайын өсуде. Қазіргі санақ бойынша 200 мыңның үстінде, ал 2050 жылға қарай 300 мыңға жетеді деген болжам бар. Егер халық саны артса, онда құрылыс саласы да қарқын алады. Сондықтан да қала бас жоспары қайта қаралып, көптеген жобалар қолға алынбақ.
Қала құрылысы құжаттамаларын әзірлеу барысында қоғамдық ұйымдардың, әкімдіктің жауапты құрылымдық бөлімшелерінің және коммуналдық ұйымдардың қатысуымен қоғамдық талқылаулар өткізілді. Басқарма 2024 жылдың IV тоқсанының қорытындысы бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша деректерді жинақтауды жүргізді. Құрылыс және реконструкциялау (қайта жоспарлау және қайта жабдықтау) жобаларын әзірлеу кезінде бастапқы материалдарды ұсыну бойынша 3610 және «Эскиздік жобаны келісуде» 3248 мемлекеттік қызмет түрлері көрсетілді. Ал аудандық және қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің тұрғын үйді пайдалануға қабылдау актілерінің, сәулет-жоспарлау тапсырмаларының, келісілген эскиздік жобалардың мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне деректерді енгізу бойынша мониторинг тұрақты түрде жүргізіледі.
Сондай-ақ, басқарма «Қылмыстық құқық бұзушылық картасы» интернет-порталын құру мақсатында облыстың барлық елді мекендерінің электрондық картасын әзірледі. Осы жұмыстардың құрамында облыстың барлық елді мекендерінің мекенжайларын түгендеу бойынша жұмыстар орындалды. Даркен Нұржанұлы журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.