Алматы облысында 2018 жылы жеке және заңды тұлғалардан бір мыңнан астам өтініш келіп түсіп, дер кезінде заңға сәйкес жауап қайтарылған. Сондай-ақ, «Бизнес пен инвестицияны сыбайлас жемқорлыққа қарсы қорғау» атты жобаға байланысты, кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп,  40 кәсіпкерге құқықтық-кеңес беріліп, 14 адамның құқығы қорғалған. Бұл туралы Талдықорғанда өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз мәслихатында ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ләззат Бейсеқұлова айтты.

 БАҚ өкілдері алдында сөз алған Ләззат Мұқатайқызы: «Бүгінгі таңда азаматтар мен қоғамның қажеттіліктеріне бағытталған мемлекеттік аппарат құру – ел дамуындағы маңызды қадамдардың бірі. Қолданыстағы заңнаманың бұзуылуын төмендету, кәсіби деңгейін арттыру, мемлекеттік қызметке халықтың сенімін арттыру мақсатында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментіне келіп түскен арыздарға тұрақты түрде мониторинг жасалынады. Атап айтсақ, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 219 өтініш қабылданып,  оның 65-і уәкілетті органға жолданды. Сонымен бірге 18 өтінішті қарауды тоқтату туралы талап  түсіп,  40 мемлекеттік қызмет туралы түсініктеме берілді. 94 шағым заң шеңберінде қаралды.
Мәселен, департамент «асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал өнімінің сапасын арттыруды субсидиялау» мемлекеттік қызмет көрсету кезінде Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасы қызметкерлерінің іс-әрекетіне байланысты «Алсад Қазақстан» ЖШС директорының арызы бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесі бойынша  ауылшаруашылық басқармасының қызметкерлері өтінішті қарау мерзімін бұзғандығы анықталды. Бұл іске байланысты  департаменттің ұсынымдары негізінде басқарманың бас маманы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Әрі  тауар өндірушінің мақұлданған өтінімдері толық көлемде төленіп, қызмет алушы «Алсад Қазақстан» ЖШС құқықтары қорғалды.
Мемлекеттік қызметтің сыншысы — халық екенін ескерсек, азаматтарымыздың құқығын қалпына келтіру – қызметтің абыройын арттырады» ,- деді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK