Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңес басталды, деп хабарлайды Ақорда Telegarm-дағы ресми арнасында.
«Жуырда мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Үкімет қайта жасақталды. Осылайша, ауқымды саяси өзгерістің алғашқы кезеңі аяқталды деуге болады. Біз билік тармақтарының тепе-теңдігін орнықтырдық. Енді еліміздегі қоғамдық-экономикалық қатынастарды қайта құруымыз керек. Жұртшылық бұл реформаларға зор үміт артып отыр. Сондықтан біз нақты іс-шараларға баса мән беруге тиіспіз. Мен Парламент сессиясының ашылуында заңнамалық тұрғыдан шешілуге тиіс бірқатар мәселені атап өттім. Ал бүгін әлеуметтік-экономикалық саладағы мақсат-міндеттерді айқындап алуымыз керек. Үкімет және барлық деңгейдегі әкімдер соған сүйеніп жұмыс істейтін болады. Осы басқосуға мәслихаттардың өкілдері қатысып отыр. Бұл да – нақты саяси өзгерістердің нышаны. Атқарушы және өкілді билік арасында тиімді қарым-қатынас орнату өте маңызды. Қажет болса, олар бірін-бірі толықтырып, қолдап отыруы керек. Мұның бәрі мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ел мүддесін ескере отырып шешім қабылдауға жол ашады», — дейді кеңесті ашқан Президент.