Премьер-Министр Олжас Бектенов Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу бойынша министрліктерге тапсырма берді. Оның айтуынша, елімізге мыңдаған білікті жұмысшы қажет және жыл сайын жаңа мамандықтар пайда болады.
— Сондықтан болашақтағы дағды мен құзыреттерді болжау үшін барлық әкімдіктер кәсіптердің өңірлік атласын жасауы қажет. Әзірге мұндай құжат тек 9 өңірде ғана бар. Жастардың жұмысшы кәсіптерін саналы түрде таңдауы үшін кәсіптік бағдар беруде жаңа тәсілдерді жүзеге асыру қажет. Болашақ маман өзінің кәсіптік перспективаларын көріп отыру үшін мектептер, колледждер, кәсіпорындар арасында өзара іс-қимыл моделін құру керек. Бұл бағытта Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім беру саласына сапалы өзгерістер енгізуі қажет, — деді Премьер-Министр Үкімет отырысында.
Сондай-ақ, нарықта жаңа маман иелеріне сұраныс жоғары болуға тиіс.
— Мемлекет тарапынан колледждерде оқытуды қаржыландыру 2 есе ұлғайтылды. Халықаралық талаптарға сай жаңа білім беру бағдарламалары енгізілуде. Бизнес, жұмыс берушілер мен инвесторлар тарапынан да тиісті шаралар қабылдануға тиіс. Мұндай жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры белсенді жүргізуі керек. Жұмысшы кадрларды әлеуметтік қолдаудың үздік корпоративтік тәжірибесін кеңінен таратып, жаңадан ынталандыру шараларын енгізу керек, — деді О. Бектенов.
Сонымен бірге, Үкімет басшысы Өнеркәсіп, Энергетика, Көлік, Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары министрліктеріне кәсіпорындармен, әкімдіктермен және Отбасы банкімен бірге жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдікті бағдарламаларын іске қосуды пысықтауды тапсырды.