Облыс әкімі Бейбіт Исабаев желтоқсанның үшінші жексенбісінде аталып өтілетін энергетика саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай сала мамандарына және Тәуелсіздік күніне байланысты бірқатар ұстаздарға мемлекеттік марапаттар тапсырды.
Облыс әкімдігінде энергетика мамандарымен өткен жиында Бейбіт Исабаев өңірдің жылды жақсы көрсеткіштермен қорытындылап отырғанын, онда барлық сала қызметкерлерінің үлесі бар екенін атап өтті.
— Энергетика — елдің дамуы мен өркендеуінің негізі. Экономиканың қай саласын да, тіпті халықтың күнделікті тұрмысының өзін жылу мен электрсіз елестету мүмкін емес. Осы орайда сала мамандарына облыс тұрғындарының атынан ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта да маңызды міндеттерді сіздермен бірге нәтижелі орындаймыз деп сенемін, — деген облыс басшысы сала үздіктеріне мемлекеттік марапаттар тапсырды.
Атап айтқанда, еліміздің энергетика саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Темірбетон» ЖШС технологиялық жабдықтардың слесарь-жөндеушісі Манарбек Мұртазин ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін иеленсе, «ТАТЭК» АҚ техникалық директоры Дәулет Илипбаевқа, «Талдықорғанжылусервис» КМК бас инженері Ақылбай Тәжиевке, «Текелі энергокешені» ЖШС қазандық турбиналық цехының бастығы Владимир Коржға «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді.
Осы күні Бейбіт Исабаев облыста балаларға сапалы білім беру жолында жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар ұстаздармен кездесіп, олардың ұрпақ тәрбиесіндегі қызметіне ризашылығын білдіріп, марапаттау рәсімін атқарды. Бұл ретте елдің әлеуметтік-мәдени және қоғамдық дамуына қосқан үлесі үшін Талдықорған қаласы Ынтымақ ауылындағы № 30 орта мектептің директоры Сәуле Усеноваға «Құрмет» ордені, Қаратал ауданындағы орта мектептің мұғалімдері Светлана Гончарова мен Нұрзия Рахметоваға «Шапағат» медалі, сол сияқты олардың әріптестері Бәтен Даниярова мен Алмагүл Малдыбековаға және Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қорының өкілі Валентина Спиридоноваға Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты табысталды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.