Бүгін Талдықорғандағы №2 орта мектепте Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шыққанына отыз жыл толуына орай оқушылар мен ардагерлердің кездесуі өтті.

Аталмыш шараның мақсаты – Ауған оқиғасының тарихи  мағыналық ақиқатын ашып, әскери борышын  өтеген сарбаздардың ерлігін ұрпаққа үлгі ету, жастарды өз елінің патриоты болуға баулу.

Отан үшін от кешіп, оққа ұшқан жандарды бір минут үнсіздікпен еске алғаннан кейін, гүл шоқтары қойылды. Өнерлі оқушылар кеш қонақтарына арналған әндерін шырқап, отты жырларымен мерекенің сәнін келістірді. Ортада кішкентай бүлдіршіндерден құралған топ ән салып, би билеп, барлығын мәз – мейрам күйге бөледі. Мерекелік жиын соңында сөз Алматы облысы Ауған соғысының мүгедектерінің қоғамдық бірлестіктерінің төрағасы, сержант Ілияс Шормаққа берілді.

— Құрметті оқушылар, ұстаздар қауымы осындай деңгейде мерекелік шара өткізіп, көңілімізді көтергендеріңізге көп рахмет. Біздің бұл мектепке келуіміз де жәй емес. Дәл осы оқу орынының түлегі лейтенант Андрей Евгеньевич Шахваростов Ауғанстанда қаза тапқан. Ол кісінің ел үшін атқарған еңбектерін өздерің де білесіңдер. Оған әскери жұмысын жалғастыруға көптеген қалалар ұсынылған болатын. Бірақ, ол сарбаздарымен бірге Ауғанстанға баруды жөн көрді. Сендер сол батыр оқыған мектепте білім алып жатырсыңдар. Оқып, білім алу деген өте жауапты жұмыс. Қазір оқушылар тарапынан тәртіп бұзушыларды  өкінішке орай көптеп көрудеміз. Ондай бұзақылыққа бармаңдар. Білім беру өте үлкен қажырлы еңбек. Ұстаздарыңның еңбегін бағалап, тек қана жақсы оқыңдар. Себебі елдің ертеңі, ту ұстайтын азамат сендер — деп алғысын айтып, І. Жансүгіров атындағы Мәдениет үйінде Ауған соғысы ардагерлерінің қатысуымен  өтетін патриоттық ән кешіне шақырды.

Кеш соңында оқушылар мен ұстаздар қонақтармен естелік суретке түсіп, қимай қоштасты.

Мадияр ТОҚАН.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK