Қазақстанда өрт қауіпсіздігі айлығы басталды

25

1 желтоқсанда төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Ш. Әріновтың тапсырмасы бойынша республикада Өрт қауіпсіздігі айлығы басталды. Ол өрттердің алын алуға, адамдардың өлімі мен зардап шеккендердің санын азайтуға, сондай-ақ тұрмыстағы жаппай өткізілетін іс-шаралар кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы азаматтардың хабардарлығын арттыруға бағытталған.

Айлықтың бірінші күні ТЖМ бөлімшелері еліміздің елді мекендеріндегі 1,5 мыңнан астам үйді қамти отырып, профилактикалық рейдтер өткізді. Тұрғындарға тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі шаралары түсіндірілді, азаматтардың қалауы бойынша пештер мен электр жүйелерін тексеру жүргізілді. Нәтижесінде екі мыңнан астам тұрғынға кеңес берілді.

Айлық тұрғын үй секторындағы профилактикаға ғана емес, сонымен қатар қысқы мерекелер кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа жылдық жәрмеңкелер мен концерттер сияқты жаппай өткізілетін іс-шаралардағы қауіпсіздікке, сондай-ақ пиротехникамен байланысты төтенше жағдайлардың алдын алуға ерекше назар аударылады.

Полициямен, блогерлермен және волонтерлермен бірлесіп базарларда және пиротехника сатылатын орындарда, сондай-ақ салюттер  мен отшашуларға арналған алаңдарда рейдтер жүргізілетін болады. Сауда кешендері мен концерттік алаңдарды қоса алғанда, адамдар көп жиналатын объектілердің қызметкерлері үшін өрт немесе басқа да төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекеттер бойынша эвакуациялық жаттығулар мен нұсқамалар ұйымдастырылатын болады.

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігін еске салады:

  • тек жұмыс істейтін пештер мен электр құрылғыларын пайдаланыңыз;
  • пештердің қызып кетуіне және электр желілерінің шамадан тыс жүктелуіне жол бермеңіз;
  • мұржаны күйеден уақытында тазалаңыз;
  • пеш пен электр құрылғыларының ақаулықтарын үнемі тексеріп отырыңыз;
  • пеш жағуды балаларға тапсырмаңыз;
  • сіріңкелер мен тұтандырғыштарды балалардың қолы жетпейтін жерлерде сақтаңыз.

Дереккөз: ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайты

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз